Гавайиде 550 жылдық табиғи тас көпір опырылып түсті
Гавайи аралындағы әйгілі Hōlei Sea Arch табиғи тас көпірі бес жарым ғасырдан астам уақыттан кейін Тынық мұхитына құлап түсті, деп хабарлайды 24KZ BILD-ке сілтеме жасап.
Биіктігі 27 метр болатын тас көпір «Гавайи жанартаулары» ұлттық саябағында орналасқан және туристер жиі суретке түсетін танымал орындардың бірі болған.
Тас көпірдің нақты қашан құлағаны белгісіз. 23 қыркүйекте ол әлі орнында тұрған, ал 27 қыркүйек кешке қарай жоғалып кеткен. Болжам бойынша, аралға нөсер жаңбыр мен биік толқын әкелген «Ноло» тропикалық дауылы оның толықтай құлауына себеп болуы мүмкін.
Табиғи нысанның құлауы күтпеген жағдай емес. Жағалаудағы жартастар бірнеше жыл бойы толқын мен желдің әсерінен мүжіліп келген. Ал 2018 жылы Килауэа жанартауы атқылаған кезде болған жер сілкіністері жағалауды одан әрі әлсіреткен. 2020 жылы билік жартас арасындағы жарықтар мен олардың тұрақсыздығына байланысты ескі бақылау алаңын жапқан.
Қазір саябақ әкімшілігі туристерге тас көпір құлаған жерге жақындамауды ескертті. Өйткені бұл аумақтағы жартастар әлі де тұрақсыз және ескертусіз опырылып түсуі мүмкін.
Табиғи тас көпір шамамен 550 жыл бұрын ежелгі лава ағынының жел мен судың әсерінен мүжілуі нәтижесінде пайда болған. Ұлттық саябақ қызметінің мәліметінше, мұндай табиғи құрылымдар уақытша болады. Кейбірі жойылып, уақыт өте келе олардың орнында жаңалары қалыптасады.