Испанияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтеді

фото: korrespondent.net

Испания премьер-министрі Педро Санчес парламентті таратып, кезектен тыс жалпы сайлауды 29 қарашаға белгіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Үкімет басшысы бұл шешімді министрлер кабинетінің кезектен тыс отырысынан кейін Мадридтегі Монклоа сарайында жариялады. Санчес ел тұрғындары Испанияның болашағын өздері таңдауы керек екенін айтты.

Премьердің шешімі үкіметтің Конгресстегі жеңілісінен үш күн өткен соң қабылданды. 2 қазанда депутаттар тұрғын үй мәселесіне қатысты үкімет ұсынған екі корольдік декрет-заңды да қабылдамай тастады. Бірінші құжатқа 178 депутат қарсы болса, 172-сі қолдаған. Екіншісі 184 қарсы, 166 қолдап дауыс беру нәтижесінде өтпеді.

Тұрғын үй мәселесі Испаниядағы наразылықтың негізгі себептерінің біріне айналды. 23 қыркүйекте Мадридтің Ретиро ауданында 87 жастағы мүгедектігі бар әйел пәтерінен күштеп шығарылғаннан кейін елдің ондаған қаласында жаппай шерулер өтті.

Санчес бұған дейін үкіметтің өкілеттік мерзімін 2027 жылға дейін жеткізуді жоспарлаған. Алайда Социалистік жұмысшы партиясы мен Sumar блогы парламентте көпшілікке ие болмағандықтан, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылданды.

Испаниялық БАҚ-тың соңғы сауалнамалары бойынша, сайлаушылардың шамамен 33-34%-ы Халықтық партияны қолдауы мүмкін. PSOE партиясының көрсеткіші 26-27%, ал Vox-тың рейтингі шамамен 18% болып отыр. Сайлауалды науқан 13 қарашада басталады.

Сондай-ақ оқыңыз: