13 млн босқын баланың 44% сабаққа бармайды
Былтыр әлемде 5,8 млн бала сабаққа барған жоқ, деп хабарлайды 24KZ. Бұл – БҰҰ-ның дерегі. 2025 жылы соғыс пен қақтығыстан 13 млн бала босып кетті. Соның жартысының мектепке барып, білім алуға мүмкіндігі жоқ. Ахуал әсіресе Газа секторы, Ливан және Йеменде қиын. Мектептердің көбі қираған. Білім беруге мүлде жарамайды. «Егер мәселені дер кезінде шешпесек, салдары тым ауыр болады», – дейді халықаралық қауымдастық өкілдері.
КСМ Кейінгі 3 жылда бейнет шегіп отырған палестиналықтар балаларын оқыта алмай қиналуда. Соның бірі – 15 жастағы Самар Әбу Салми. Жасөспірім мектеп формасын кимек түгілі, қарапайым оқу құралдарына жарымай отыр. Өйткені аймақта кеңсе тауарлары қат. Бірлі-жарым болса да, бағасы удай.
Самар Әбу Салми, оқушы:
– Соғысқа дейін таршылық көргеніміз жоқ. Қалам, дәптер, киім, бізде бәрі болды. Сол кезде бағасы су тегін еді. Қазір шатырларда күнелтіп жүрміз. Сабақты қалай оқимыз? Ешқандай жағдай жасалмаған. Ал мен бір жылдан соң мектеп бітіруім керек. Жоғары оқу орнына түсе аламын ба, жоқ па білмеймін. Өйткені 3 жыл онлайн оқыдық. Болашағыма алаңдаймын.
Израильдің ХАМАС-пен арадағы соғысы Газа секторындағы білім саласын күйретті. Мектептердің 98 пайызы білім беруге жарамсыз. Сондықтан палестиналық балалар шатырларда сабақ оқуға мәжбүр.
Ибраһим Рамадан, мектеп директоры:
– Кейінгі 3 жылда қақтығыстан 22 мың баланың өмірі қиылды. Сондай-ақ білім саласының 770 қызметкері бақилық болды. Қайтыс болғандардың 500-ден астамы – мұғалімдер. Соғыстан қалалар үйіндіге айналды. Мемлекеттік мектептер де түгел қирады деуге болады.
Қызыл теңіз маңында тағы от тұтанды. Хуситтер Йемен билігіне қатер төндіріп тұр. Соғыс қажытқан 11 мыңнан аса йемендік бас сауғалап, Африкаға қашып жатыр. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар балаларды шатырларда оқытуға мәжбүр.
Ахиль Ийер, ЮНИСЕФ-тің Йемендегі өкілі:
– Мұнда босқындардың жартысы – балалар. Сондықтан оларға оқуын жалғастыруға көмектесу өте маңызды. Тамағын, дәрі-дәрмегін, тұрмысқа қажетті заттарды алып келдік. Уақытша сыныптар аштық. Енді қалып қойған сабақтарын оқиды.
Ливандықтар үшін де білім алу мұңға айналды. Биыл 100 мың оқушы оқу жылын уақытылы бастаған жоқ. Өйткені мектептердің 40 пайызы қираған. 300-іне жөндеу қажет. Қалғандарын босқындар паналап жүр.
Сара Фрейдж, Бейрут тұрғыны:
– Өміріміз үшін ең зәру заттарды ғана ойлауға шамамыз жетіп жүр. Балаларымыз білім ала алмай қала ма деген уайым басым. Әбден басымыз қатты.
Халықаралық құқық бойынша мектеп секілді азаматтық нысандарға шабуыл жасауға болмайды. Бұл әскери қылмыс саналады. БҰҰ-ның дерегі бойынша қазір әлемде әр бесінші бала қарулы қақтығыстан зардап шегіп отыр. Сондықтан халықаралық қауымдастықты білім ошақтарына шабуылды тоқтатуға шақырды.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ өкілі:
– Соғыс басталғанда ең ауыр зардап шегетіндердің бірі – балалар. Олар үйін тастап қашып қана қоймай, оқуын да жалғастыра алмайды. Биыл босқынға айналған қанша бала партаға қайта отырған жоқ. Адамзат бұған жол бермеуі керек. Балалардың құқығы қорғалуға тиіс. Әр бала мектепке қорықпай баруы керек.
Ең сорақысы, 10 жасқа дейінгі қыздар сауатын ашып, бастауыш мектепті аяқтаған соң, білім алуын көбіне жалғастыра алмайды. Бұған ерте некеге тұру мен кедейлік себеп. Сондықтан орта мектептегі босқын балалардың үлесі төмен. Небәрі 32 пайыз. БҰҰ бұл көрсеткіштен де айырылып қалуымыз мүмкін деп дабыл қақты. Өйткені халықаралық донор елдер қаржыны қысқарта бастады.
Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры:
– Босқын балалардың біліміне қажет қаражат қат. Біраз елдің үкіметімен, жеке компаниялармен, халықаралық банктермен келіссөз бастадық. Әйтпесе босып жүрген балалардың жағдайы не болмақ? Көшіп-қонып жүрген бала қайдан білім алсын?! Бізді осы мәселе қатты алаңдатады.
Десе де былтыр босқын балалардың 450 мыңы жоғары оқу орнына түсті. Бұл – рекорд. Сондықтан БҰҰ қаржыландыруды тоқтатпауға шақырды. Мәселе шешілмесе, әлемде миллиондаған бала жоғалған ұрпаққа айналуы бек мүмкін.
Автор: Зайнұр Байжігіт