Жасанды интеллектің әр салаға ықпалы күшейді
Әлем технологиялық серпілістің жаңа кезеңіне өтті. Цифрландыру саласы мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіру, қағазбастылықтан арылу және ақпаратты жылдам өңдеумен өлшенсе, бүгінде талап мүлде өзгерді. Енді мемлекеттер жасанды интеллектіні экономиканың, өндірістің, медицинаның, білім мен мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналдыруға ұмтылып жатыр. Цифрлық трансформацияда жаһанның қай елі озық нәтиже көрсетіп жатыр? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Цифрландыру үдерісі қазір мемлекеттік қызметті онлайнға көшіруден AI-агенттерге, роботтандыруға, автономды жүйелер мен деректерге негізделген мемлекеттік басқаруға ауысып жатыр. McKinsey компаниясының зерттеуіне сәйкес былтыр әлемдегі ұйымдардың жасанды интеллектіні қолдану көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артып, 88 пайызға жеткен. Бүгінде жаһандық технологиялық бәйгенің алдыңғы қатарында АҚШ пен Қытай тұр. Алайда екі алпауыттың таңдаған бағыты екі түрлі. Қытай жасанды интеллектіні өндіріспен ұштастыруға күш салып жатыр. Ақылды зауыттар, өнеркәсіптік роботтар, жүргізушісіз көліктер мен адамға ұқсас роботтар – елдегі технологиялық дамудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Яғни жасанды интеллект виртуалды кеңістіктен шығып, өндіріске қарқынды енгізіліп жатыр.
Чэнь Си, макроэкономикалық зерттеулер академиясының ғалымы:
– «AI өндіріс» тәсілі өнеркәсіп саласының интеллектуалды жаңғыруына жаңа серпін берді. Мемлекеттің салықтық жүктемені азайтып, қаржыландыруды күшейту саясаты кәсіпорындарға шығындарын қысқартып, тиімділігін арттыруға көмектесті. Еліміз нарық қажеттіліктеріне жедел жауап беруге тырысып жатыр. Егер ішкі және сыртқы сұраныс қатар өссе, кәсіпорындардың да пайдасы тұрақты дами береді.
Ал АҚШ жасанды интеллектінің жаңа буынын әзірлеуге басымдық беріп отыр. Мұнда адамның тапсырмасын түсініп қана қоймай, оны өздігінен орындай алатын қабілетті бар AI-агенттерді жасауға күш салуда. Сондай-ақ күрделі ғылыми есептерді шешетін модельдер мен медицина және интеллектуалды жүйелерді дамытып жатыр. Енді ЖИ сұраққа жауап беретін жай ғана құрал емес, адамның ой өрісін арттыратын серіктеске айналуы мүмкін. Дегенмен америкалық Founders Space компаниясының директоры екі ел жасанды интеллект саласында бірлесе жұмыс атқару керек деген пікірде.
Стив Хоффман, FOUNDERS SPACE бас директоры:
– Қазір Қытай электркөліктер мен күн энергетикасы сияқты экологиялық таза энергияны өндіруде көш бастап тұр. Ынтымақтастығымызды арттырып, бірлесе жұмыс атқаратын болсақ, жасанды интеллект пен ғылыми зерттеу саласында мықты жетістіктерге жетеміз.
Таяу Шығыста Біріккен Араб Әмірліктері де жасанды интеллектіні экономиканы әртараптандырудың стратегиялық құралы ретінде қарастырады. Онда экономиканы жаңа деңгейге көтеру үшін цифрлық инфрақұрылым, есептеу қуаты және жасанды интеллект мамандарын даярлау ісіне инвестицияны көптеп тартуда. Азиядағы шағын ғана мемлекет Сингапур да цифрлық технологияны тиімді мемлекеттік басқарудың тетігіне айналдыра білді. Жасанды интеллект мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, қаланы басқару және экономикалық шешімдерді жетілдіруге бағытталған.
Десе де әлемнің бір бөлігінде жасанды интеллект өндірісті басқарып, мемлекеттік қызметті автоматтандырып жатқанда, технологияның игілігінен ауылы алыс елдер де жоқ емес. Олардың қатарына Йемен, Оңтүстік Судан, Эритрея мен өзге де Африка елдерін жатқызуға болады. Oxford Insights зерттеуі бойынша бұл мемлекеттер жасанды интеллектіні басқару жүйесіне енгізуге дайын емес. Оған цифрлық инфрақұрылымның әлсіздігі, маман тапшылығы, экономикалық және саяси тұрақсыздық себеп. Жалпы әлемнің озық елдерінің тәжірибесі бір нәрсені аңғартады: олар жасанды интеллектіні жай ғана жаңа технология ретінде қарамай, оны білім, ғылым, өндіріс және мемлекеттік басқарумен байланыстыратын тұтас жүйе ретінде қарастырады.
Автор: Арайлым Жақсылыққызы