Қазақстанда алғаш рет: Астанада ЖИ-кино бойынша әлемдегі ең ірі байқаудың қорытындысы шығарылды
125 елден сегіз мыңнан астам өтінім, жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер және Гран-при иегеріне 450 мың доллар. Астанада алғашқы Astana AI Film Festival аяқталды. Түскен өтінімдер саны бойынша ол ЖИ-кино саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық байқауға айналды.
Фестиваль 1–3 қазан аралығында өтті. Қазақстан авторлар фильм түсіру үшін жасанды интеллектіні қолданатын халықаралық Astana AI Film Festival байқауын алғаш рет қабылдады. Комиссия 8 067 өтінімнің ішінен финалға 25 жұмысты іріктеді. Жеңімпаздар 3 қазанда марапаттау рәсімінде жарияланды.
Бас жүлде мен 450 мың доллар Латвиядан келген автор Никола Шестакқа «The First Honest Day» фильмі үшін берілді. Оның туындысы адамның іс-әрекеті өзін қалай өзгертетіні туралы: жаман әрекеттер адамды ұсқынсыз етсе, жақсы істер оны жақсарта түседі.
«Шынымды айтсам, жеңемін деп күтпедім. Мұнда түрлі жанрдағы таңғажайып жұмыстар көп болды. Сондықтан қазылар алқасының неліктен дәл менің фильмімді таңдағаны өзіме де қызық», – деді Гран-при иегері.
Оның айтуынша, режиссурамен шамамен төрт жыл бұрын айналыса бастаған, ал жасанды интеллект көмегімен фильмдерді екі жылдан бері түсіріп келеді. Автор жүлде қаражатын жаңа фильмдер жасауға жұмсауды жоспарлап отыр.
Екінші орын мен 200 мың доллар Үндістаннан келген Abhik Banerjee-ге «SITARA» фильмі үшін берілді. Үшінші орын мен 100 мың долларды Испаниядан келген Ernest Desumbila «Looking For Perseida» туындысы үшін иеленді.
Бес арнайы марапаттың бірін қазақстандық автор Мырзахан Жумахан жеңіп алды. Оның «It Was Just a Joke» комедиясы «Үздік кейіпкер» номинациясында үздік атанды.
Оқиға желісінің өзегінде ит пен оның иесінің бауыры тұр. Қарапайым әзілден басталған жанжал біртіндеп нағыз соғысқа ұласады.
«Мен фильмге күрделі немесе тапқыр астарлы мағына беруді мақсат етпедім. Бұл – белгілі бір дәрежеде өзімді де сипаттайтын жеңіл оқиға: мен қалжыңдап, көңіл көтергенді жақсы көремін», – деп түсіндірді Жумахан.
Автор бәсекенің мықты болғанына байланысты қобалжығанын жасырмады. Оның пікірінше, әр қатысушы үлкен еңбек сіңірген және лайықты қарсылас болған.
Өзге арнайы марапаттарды мыналар иеленді:
· «Үздік оқиға» – Қытайдан келген 2xLabs, «The Last Span»;
· «Үздік визуалды тіл» – Италиядан келген Jacopo Zanetti, «What's the Job?»;
· «Үздік режиссура» – Италиядан келген Jacopo Reale, «The Fracture»;
· «Үздік тұжырымдама» – АҚШ-тан келген Zachary London, «Pomegranate».
Технология ғана бағаланған жоқ
Халықаралық қазылар алқасына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, Қытай киноиндустриясының өкілдері Ма Пин мен Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі Ли Лонг кірді.
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзат Кусаинов атап өткендей, іріктеу барысында комиссия ең алдымен авторлық ой мен туындының тұтастығына назар аударған. ЖИ құралдарын меңгеру деңгейі бағалау өлшемдерінің бірі ғана болды.
Финалистердің жұмыстары 2 және 3 қазанда MEGA Silk Way сауда орталығындағы Chaplin кинотеатрының үлкен экранында көрсетілді. Бағдарламаға фильм көрсетілімдерінен бөлек, жасанды интеллектінің кино мен авторлар жұмысына ықпалы туралы кездесулер мен пікірталастар енді.
Екі миллион доллар – марапаттар мен жаңа жобаларға
Фестивальдің жалпы қоры екі миллион долларды құрады. Оның бір миллионын Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапагат корпоративтік қоры ұсынды. Бұл қаражат жеңімпаздарды марапаттауға арналған. Тағы бір миллион доллар болашағы зор ЖИ командаларына инвестиция салуға және Қазақстанда өндірісті дамытуға қарастырылған.
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF кеңесінің төрағасы Алмас Жали алғашқы байқау ЖИ-киноға халықаралық қызығушылықтың ауқымын көрсеткенін атап өтті.
«Біз Астананың әлемнің түкпір-түкпірінен келген киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері бас қосатын алаңдардың біріне айналғанын қалаймыз», – деді ол.
Ұйымдастырушылар алдағы қадам ретінде фестивальді дамытуды, халықаралық қауымдастықты кеңейтуді және кино мен жасанды интеллект тоғысында жұмыс істейтін авторларды қолдауды көздеп отыр.