Араб елдеріне қатер төніп тұр
Ақ үй америкалықтарға Таяу Шығысқа бармауды ескертті. Әсіресе Йеменмен шекаралас аумақтарға мүлдем жоламау керек. Сонымен бірге Саудия, Қатар, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктері де қауіпті аймақ саналады, деп хабарлайды 24KZ.
АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, америкалықтар бұл жаққа бармас бұрын, алдымен қауіпсіздікке қатысты ережелерді ескеруі керек.
Рауан Мыңбай, тілші:
– Америкалықтар Таяу Шығысқа сапарын қайта қарауы қажет. АҚШ мемлекеттік департаменті аймақтағы ахуалға қатысты өз азаматтарына жаңадан хабарлама жолдады. Ресми Вашингтон Араб елдеріндегі қарулы қақтығыс пен лаңкестік қаупін аса жоғары деп танып, шығанақ жеріне сапар шегетіндер назарын маңызды жайттарға аудара бастады. Ең әуелі Саудияның Йеменмен шекаралас жақтарына баруға қатаң тыйым салынды. Ал Қатар, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктерінде сақтық шараларына баса мән беру керегі ескертілді. Арабтың бай қалаларына мұндай ескертудің қай-қайсы да қолайсыз. Өйткені кейінгі жарты жылдан бері Абу Даби, Дубай, Доха және Риядта экономикалық белсенділік төмендеп, келім-кетім қонақ онсызда азайды. Енді ахуал тұрақтала бергенде хуситтер мен заңды Йемен үкіметі тағы бір қақтығысты бастап кетті. Қай кезге дейін жалғасары белгісіз. Белгілісі хуситтердің Саудия бастаған коалицияға қарсы шығып, жаңа майдан ашуы Иранмен өңірлік келіссөздерді тоқтатты. Ал Араб түбегін қос бүйірден қысқан әскери іс-қимылдар бірде әуе қатынасын, енді бірде теңіздегі тауар тасымалын тежеді. Ақпанда тұтанған от Ормуздан Баб әл-Мандэб бұғазына ойысып, шиеленісті одан әрі ширықтырды. Қазір Араб түбегінің оңтүстік батыс бөлігінде әуеден де, құрлықтан та әскери іс-қимыл жалғасып жатыр. Мекке келісімі аясында Саудияға Түркия мен Пәкістан көмекке келді. Сол секілді Йеменнің оңтүстік бөлігіндегі қарулы топтарды Біріккен Араб Әмірліктері қолдауға көшті деген дерек бар. Демек араб және мұсылман мемлекеттері аймақтық қауіп-қатермен бірлесіп күресуге кірісті. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.
Авторы: Рауан Мыңбай