Саудияға Түркия мен Пәкістан әскери қолдау көрсетеді

Түркия мен Пәкістан Сауд Арабиясына әскери-техникалық қолдау көрсетеді. Эр-Риядта шұғыл бас қосқан үш елдің Қорғаныс және Сыртқы істер министрлері осындай шешімге келді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл үш мемлекет мұның алдында ғана жау шапса, бірлесіп қорғанатын болып шартқа отырған еді. Мекке қорғаныс келісімі аймақтағы үш державаның басын қосты. Бұл арада Түркияның НАТО-ға мүше екенін ескерсек, Пәкістан ядролық қаруға ие. Ал Сауд Арабиясының өзінде Пентагон арсеналынан біраз қару алған әрі бай мемлекет. Осыған қарап саясаткерлер енді бұл үштікті ешқандай жау алмайды деп тон пішкен еді. Бірақ дәл қазір жағдай ол ойлағандай болмай тұр. Үштік Йеменге тоқтау айтып, шабуылды дипломатиялық жолмен шешуге ниетті.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Бұған дейін қағаз жүзінде қолдау көрсетіп, тек сөзбен демеп келген Түркия мен Пәкістан іске көшті. Сауд Арабиясында Йемендік хуситтердің шабуылы үдеген сайын Эр-Риядқа қолдау ауадай қажет. Өйткені бұл текетірес жай шабуыл емес, тұтас аймақтағы геосаяси ахуалға қауіп төндіріп тұр. Сәт сайын соққыға ұшырап, жатқан Саудия мұнай тасымалын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Сол себепті Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясының өкілдері Мекке қорғаныс альянсының кезектен тыс отырысын өткізді. Бұл жолғы келісімнің ерекшелігі – Мекке қорғаныс пактісінің нақты іске қосылуында. Тараптар ұжымдық қорғаныс міндетіне дереу көшіп, Саудияға алдын ала келісілген әскери күштерін жедел орналастыру туралы шешім қабылдады. 

Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі: 

– Негізі алдын ала жоспарланған кездесуіміз бар еді. Бірақ Саудия мен Йемен арасында жағдай ушыққан тұста Мекке қорғаныс келісіміне мүше елдер шұғыл бас қостық. Жиында Сауд Арабиясының қорғанысына қандай қолдау көрсетуге болатынын егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар Йемен мәселесін бейбіт жолмен, диалог арқылы шешу жолдарын қарастырдық.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

– Әскери қолдаудың нақты параметрі әзірге ашық айтылған жоқ. Белгілісі алдын ала бекітілген тәртіп пен үш елдің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асады. Ал альянстың әскери ықпалдастығын күшейтуге жауапты құрылым енді тұрақты жұмыс форматына көшеді. Оның алғашқы бас хатшысы болып Пәкістанның отставкадағы генерал-лейтенанты Науман Махмуд тағайындалды. Ол бұл қызметті үш жыл атқарады. Кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұл мәселеге қатысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның саяси ерік танытқанын ерекше атап өтті.

Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі:

– Сауд Арабиясы мәселені шешуге қатысты сындарлы ұстаным танытты. Біз Эр-Риядтың көзқарасын тыңдап, өз пікірлерімізді ортаға салдық. Президентіміз Режеп Тайип Ердоған бұл мәселеге қатысты саяси еркін анық білдірді. Осы ұстанымға сәйкес маңызды шешімдер қабылдадық. Жиынға қатысқан ұлттық қорғаныс министрлері әскери және операциялық мәселелерді талқылап, бекітілген тәртіп бойынша ортақ шешімге келді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

– Бұған дейін 7 тамызда Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы Мекке қорғаныс пактісіне қол қойған.

Құжат бойынша үш мемлекеттің біріне төнген қауіп, барлығына бірдей ортақ қатер ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда тараптар бірлесіп әрекет етуге міндетті. Осылайша, Мекке қорғаныс келісімі қағаз жүзіндегі жоспардан нақты іске көшудің жаңа кезеңіне өтті. Үш ел бір жағынан Саудияның қауіпсіздігін бірлесіп күшейтуге ниетті екенін көрсетсе, екінші жағынан Йемендегі дағдарысты дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін алға тартып отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: