Таиланд шетелдік туристерге қосымша төлем енгізеді
2027 жылдан бастап Таиландқа баратын шетелдік туристер 450 бат (шамамен 6000 теңге) мөлшерінде алым төлейтін болады.Корольдіктің Туризм және спорт министрлігі жергілікті бизнестің бұл жүйені іске қосуды кейінге қалдыру туралы өтініштерін қабылдамай, белгіленген кестеден айнымайтынын растады, деп хабарлайды «24KZ» Bangkok Post басылымына сілтеме жасап.
Жергілікті туризм секторларының өкілдері бұл жобаны уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныс жасады. Бизнес-қоғамдастық бірқатар өңірдегі ұзаққа созылған су тасқындары және келетін туристер ағынын қалпына келтірудің кешігуі салаға қазірдің өзінде жоғары жүктеме түсіріп отырғанын алға тартты. Қонақүй иелері мен туроператорлар қосымша қаржылық алымдар Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бәсекелестерімен салыстырғанда Таиландтың тартымдылығын төмендетіп жібереді деп қауіптенеді.
Салалық ведомство тұрақты қор құру қажеттігін алға тартып, мерзімді жылжытудан бас тартты. Реттеушінің есебі бойынша түскен қаражат екі негізгі бағыт бойынша бөлінеді:
Алымның бір бөлігі шетелдік азаматтардың корольдікте болу кезеңіндегі денсаулығы мен өмірін автоматты түрде сақтандыруға жұмсалады. Қалған қаражат танымал көрікті жерлерді жаңғыртуға, экологиялық бағдарламаларға және табиғи апаттардан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге бағытталады.
Алымды жинау тетігі әуе билеттерінің құнына біріктіріледі деп күтілуде, ал құрлық және теңіз шекаралары үшін жеке төлем жүйесі әзірленеді.
Бұған дейін Таиланд қазақстандықтар үшін визасыз жүру мерзімін өзгерткен болатын. 15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар корольдікте визасыз 60 күн емес, 30 күн бола алады.