Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы кімге бұйырады?

Осы аптада төрткүл дүниенің назары Стокгольмге ауды. Швеция астанасында жылдағы дәстүрден жаңылмай, Нобель сыйлығын табыстау рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

 Медицина және физика бойынша лауреаттардың есімі белгілі болды. Ал бүгін химия саласындағы сыйлықтың жеңімпазы жариялануы тиіс. Десе де, жаһан жұрты бейбітшілік бойынша марапат кімге бұйырады деп тағатсыздана күтіп отыр. Былтыр Нобель сыйлығынан Президент Трамп та үмітті еді.

Нобель сыйлығының тарихы сонау 1901 жылдан бастау алады. Яғни биыл беделді марапаттың беріліп жүргеніне 125 жыл толды. Айтулы күнге орай әр сыйақының көлемі 1 млн 200 мың долларға дейін көбейді. Осы уақытқа дейін Нобель сыйлығы 633 рет табысталған. Бас-аяғы 1 мыңнан аса адам мен ұйым лауреат атанды. Ал биыл Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 287 үміткер ұсынылды. Кей сарапшылар беделді марапатқа Рим папасы XIV Лео лайықты деп санайды.

Карим Хаггаг, Стокгольм Халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының өкілі:

– Рим папасы тек католик шіркеуінің басшысы ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде ықпалы бар тұлға. Ол жасанды интеллекттің дамуы адамзатқа қаупі туралы мәселені жиі көтереді. Қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге ат салысып, гуманитарлық бағытта атқарып жатқан жұмысы орасан. Нобель комитетінің мүшелері мұны ескеріп, әділ шешім шығаратынына сенімім мол.

Бекітілген ережеге сай үміткерлер мен сыйлықтың болашақ иегерлері туралы ақпарат құпия сақталады. Бірақ өз таңдауын үміткерлерді ұсынғандар жариялай алады. Мәселен, биыл Камбоджа, Израиль мен Пәкістан басшылары Нобель сыйлығына Президент Трампты ұсынған. Мәртебелі марапаттан Ақ үй басшысы былтыр да үмітті болған еді. Халықаралық сарапшылар: «Оның Нобель сыйлығын алу мүмкіндігі биыл да аз»», – дейді. Бұған Құрама Штаттардың Иранмен арадағы соғысы себеп.

Былтыр лауреат атанған венесуэлалық оппозицияның көшбасшысы Мария Корина Мачадо өзінің марапатын Дональд Трампқа табыстаған еді. Бұл қадамы алдағы уақытта Вашингтонның Каракаспен қатынасын реттеуге сеп боларына сенді. Алайда Нобель комитеті мұны қатаң сынады. Өйткені марапатты басқа адамға сыйлауға, қайтарып алуға және бөлісуге мүлде болмайды.

Хокон Джерлоу, Норвегиядағы Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының директоры:

– Былтырғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы төңірегіндегі жағдай комитеттің шешіміне әсер етуі мүмкін. Комитет мүшелері сыйлықты тағайындау кезінде әлемдегі саяси жағдайды ескеруі керек. Сол лауреат Дональд Трамп тарапынан қысымға ұшырай ма? Мәселен, кейінгі кезде БҰҰ-ның кейбір ұйымдарының жұмысы Ақ үй басшысына жақпай жүр. Егер Нобель сыйлығы осындай ұйымдарға берілсе, АҚШ Президентінің қысымы күшеюі мүмкін.

Не десек те, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы халықтар арасындағы бауырластықты нығайтып, бейбітшілік үшін күресіп жүрген азаматтар мен ұйымдарға беріледі. Бұл ережені Альфред Нобельдің өзі бекіткен.

Кристиан Берг Харпвикен, Нобель комитетінің хатшысы:

– Қазір жаһандық тәртіп шайқалып тұр. Бұрынғы қалыптасқан әлемдік жүйе әлсіреп барады. Төрткүл дүниеде түрлі сын-қатерлер көбейді. Алда не болатынын ешкім нақты білмейді. Комитет мүшелері шешім қабылдағанда жаһандағы геосаяси ахуалды да ескереді. Өйткені Нобель сыйлығы жылдар бойы қорғап келген құндылықтарға төніп тұрған қауіп басым қазір.

Нобель сыйлығының биылғы лауреаттары жариялана бастады. Физиология және медицина саласындағы марапат Карл Дейссерот, Петер Хегеманн және Георг Нагельге бұйырды. Ғалымдар оптогенетика әдісін ойлап тапқан. Бұл әдіс мидағы жекелеген жүйке жасушаларын есте сақтау, эмоция және адамның мінез-құлқына қалай әсер ететінін анықтауға жол ашады. Сондай-ақ физика саласындағы жүлдені бельгиялық ғалым Франсис Хальцен иеленді. АҚШ-тағы Висконсин-Мэдисон университетінің қызметкері энергиясы жоғары нейтриноларды ашқан. Бұл үшін «мұзды телескоп» ойлап тапты. Бұл жоба аспан әлемін жіті зерттеуге сеп болады.

Фрэнсис Хальцен, Нобель сыйлығының лауреаты:

– Мен бұған сене алар емеспін. О баста көбі біздің идеямызды ақылға сыймайтын дүниеге теңейтін. Иә, жоба сәтсіздікке ұшырауы мүмкін еді. Бірақ әріптестерімнің қолдауы мен қомақты инвестициялардың арқасында оны іске қостық. Антарктида мұзынан алғаш рет нейтрино бөлшектерін анықтауымыз біз үшін үлкен жеңіс болды.

Әйтсе де, жаһан жұрты демін ішіне тартып, бейбітшілік саласындағы марапат кімге бұйырады деп тағатсыздана күтіп отыр. Үміткерлер қатарында Президент Трамп пен Рим Папасынан бөлек, Халықаралық қылмыстық сот, Халықаралық сот, БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезе бар. Сондай-ақ Emergency Response Rooms мен Save the Children ұйымдары да марапат алуға мүмкіндігі бар. Екеуінің де әлемдегі гуманитарлық ахуалды реттеуде атқарған еңбегі орасан. Бұл сыйлықтың иегері 9 қазанда белгілі болады. Жеңімпаздың есімін Ослода комитет төрағасы жариялайды. Ал марапаттау рәсімі бір айдан соң, яғни 10 желтоқсанға белгіленіп отыр. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқтық емес. Дәл осы күні Альфред Нобель дүниеден өткен еді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: