АҚШ Ресеймен дизель отынын жеткізу жөнінде келісімге келді
Дональд Трамп Владимир Путинмен Ресейден дизель отынын жеткізу жөнінде келісімге келді. Бұл туралы АҚШ президенті әлеуметтік желіде де, тілшілер алдында да баяндады, деп хабарлайды 24KZ.
Ақ үй басшысының айтуынша, Ресей америкалық және әлемдік нарыққа бірден 300 мың тоннадан астам, қарашада тағы 500 мың тонна, одан кейін бір млн тонна дизель жөнелтпек. Вашингтон ресейлік дизельді импорттауға келесі жылдың 7 сәуіріне дейін уақытша рұқсат береді. Қазір АҚШ-та дизельдің бір галлоны орта есеппен 6 доллар 28 цент тұрады. Ирандағы соғыс ушыққан кездерде рекордтық деңгейге дейін өсіп, америкалықтардың қалтасына салмақ та салды. Халық наразылығы Трамп әкімшілігі мен республикашылар партиясының алдағы аралық сайлаудағы ұпайларын да азайтып отыр. Трамп бұл қадам жанармай бағасын төмендетіп, фермерлер мен жүк тасымалдаушылардың шығынын азайтады деп отыр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
– Ресеймен мұнай жөніндегі келісім – маңызды мәміле. Елімізге өте көп көлемде отын жеткізіледі. Шынымды айтсам, президент Путинге алғыс айтқым келеді. Бізге мол көлемде дизель отыны келеді. Бізге керегі де осы.
Кремль Ресейдің АҚШ пен әлемдік нарыққа мұнай өнімдерін жеткізуге дайын екенін растады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұл шешімді сынап, Ресейге отын сатуға рұқсат беруді «соғысқа салынған инвестиция» деп атады. Айта кетейік, Майамиде украиналық және еуропалық делегация келіссөз жүргізіп жатыр.