АҚШ-та ата-анасыз келген мигрант балаларға құқықтық көмек тәртібі өзгереді
АҚШ-қа ата-анасыз барған мигрант балаларға құқықтық көмек көрсету тәртібі өзгереді. Елде көші-қон саясаты қатаңдап, депортация мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұндай жағдайда кәмелетке толмағандардың сотта өз құқығын қорғауы ерекше маңызды. Вашингтонның жаңа бастамасы құқық қорғаушылар арасында алаңдаушылық туғызды. Олар балаларға берілетін заң көмегінің тәуелсіздігіне күмән келтіреді, деп хабарлайды 24KZ.
Өзге елден жалғыз келген баланың мүддесі қаншалықты қорғалады? Мигрант балаларды қорғау жүйесі өзгереді мигрант балалардың құқығы қалай қорғалады?
Ердана Ержанұлы, тілші:
– АҚШ-қа ата-анасыз келген балалардың құқығын кім қорғайды? Трамп әкімшілігі енді бұл міндетті мемлекеттік заңгерлерге жүктемек. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер департаментінде арнайы бөлім құрылды. Ол балаларға құқықтық кеңес беріп, иммиграциялық істерде мүддесін қорғайтын болады.
Ресми мәлімет бойынша 2024 жылы АҚШ-қа ата-анасыз не заңды қамқоршысыз келген 98 мыңнан астам мигрант бала Босқындарды орналастыру басқармасына берілді. Былтыр олардың саны шамамен 23 мыңға дейін азайды. Сонымен қатар шекарадағы мигранттар ағыны да бәсеңдеді. Мексика көші-қон бақылауын күшейтсе, АҚШ-та Байден тұсында басталған шектеулер Трамп билікке келгеннен кейін одан әрі қатаңдатылды. Алайда келушілер азайғанымен, иммиграциялық ісі қаралып жатқан балалардың құқықтық көмекке мұқтаждығы сақталып отыр.
Трамп әкімшілігі жаңа бөлім балаларға заң көмегін беріп, отбасыларымен қауіпсіз қауышуға жәрдемдесетінін айтады. Бұл міндетті түрде елдеріне қайтару деген сөз емес: бала АҚШ-тағы ата-анасына не туыстарына да тапсырылуы мүмкін. Мемлекеттік адвокаттар оған құқықтарын түсіндіріп, иммиграциялық сотта мүддесін қорғайды. Ал құқық қорғаушылар адвокаттардың тәуелсіздігіне алаңдайды. Өйткені баланы қорғаушы да, оны елден шығаруды талап ететін заңгер де, істі қарайтын судья да федералдық қызметкер болады. KIND ұйымы баланың АҚШ-та қалуына негіз болатын дәлелдер толық ұсынылмай, оны өз еркімен елден кетуге мәжбүрлеуі мүмкін деп қауіптенеді.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шін