Ресей мен Украина энергетика нысандарына шабуыл жасамауға келісті
Ресей мен Украина келісімге келді.
Олар бір-бірінің энергетика нысандарына шабуыл жасамауға уағдаласқан. Бұл туралы АҚШ президент "Тру соушл" әлеуметтік желі парақшасында хабарлады. Дональд Трамп "РФ пен Украина бір-бірінің энергетикалық нысандарына соққы жасауды тоқтатуға келісті" деп жазып, бұл уағдаластықты бұзбауға шақырды. АҚШ әкімшілігі бұл қадам мұнай өңдеу зауыттары мен электр станцияларын қорғап, жаһандық отын бағасын тұрақтандыру үшін қажет деп есептейді. Мәскеу тарапы бұл келісімге қатысты әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ақ үй өкілдерінің айтуынша, Кремль бұл ұсынысты әлі қарастырып жатыр. Ал президент Владимир Зеленский бұл жаңалықты ақпарат құралдарынан оқығанын айтып, таңқалысын жасырмады. Дегенмен, Украина егер Ресей соққыларды шынымен тоқтатса, бұл келісімді толық қолдайтынын және АҚШ тарапынан нақты егжей-тегжейлі ақпарат күтетінін жеткізді.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
- АҚШ Президентінің энергетикалық бітімге қол жеткізілгені туралы мәлімдемесі шықты. Бұл бәрі үшін жақсы жаңалық. Тек оның іске асқаны маңызды. Біз мұндай келісімді құптаймыз. Украина Ресейдің энергетика нысандарына соққы жасауды тоқтатуға дайын. Ресей тарапынан да осындай дайындықты күтеміз. Біз АҚШ пен Ресей арасындағы диалогтан нақты егжей-тегжейлі мәліметтер күтеміз. Сонымен қатар Путин Трамптың айтқандарын орындайды деп үміттенеміз.
Трамп Путинмен дизель жеткізу жөнінде келісті
Осының алдында Трамп Путинмен Ресейден дизель отынын жеткізу жөнінде келісімге келгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Ресей американдық және әлемдік нарыққа бірден 300 мың тоннадан астам, қарашада тағы 500 мың тонна, одан кейін бір миллион тонна дизель жөнелтеді. Вашингтон ресейлік дизельді импорттауға келесі жылдың 7 сәуіріне дейін уақытша рұқсат береді. Қазір АҚШ-та дизельдің бір галлоны орта есеппен 6 доллар 28 цент. Ирандағы соғыс ушыққан кездерде рекордтық деңгейге дейін өсті. Халық наразылығы Трамп әкімшілігі мен республикашылар партиясының алдағы аралық сайлаудағы ұпайларын да азайтып отыр. Трамп бұл қадам жанармай бағасын төмендетіп, фермерлер мен жүк тасымалдаушылардың шығынын азайтады дейді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Ресеймен мұнай жөніндегі келісім - маңызды мәміле. Елімізге өте көп көлемде отын жеткізіледі. Шынымды айтсам, президент Путинге алғыс айтқым келеді. Бізге мол көлемде дизель отыны келеді. Бізге керегі де осы.