Қазақстанның сыртқы саудасындағы Ресейдің үлесі 31%-ға жетті – экономист
Қазақстан экспортының 31%-ы Ресейге тиесілі. Ал соңғы 20 жылда Ресейдің ел экономикасына салған инвестициясы 27-28 млрд долларға жеткен. Бұл туралы экономист Ләззат Нұрғалиқызы 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Маманның сөзінше, екі елдің сауда байланысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі бар. Қазақстан Ресейге бидай, ет және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізеді. Ал Ресейден техника, химия өнімдері мен технологиялар келеді.
Ресей – біз үшін үлкен нарық. Сондықтан бұл әріптестікте инвестиция мен сауда байланысын тиімді пайдаланып, ұлттық мүддемізді де ескеруіміз керек, – деді экономист Ләззат Нұрғалиқызы.
Оның айтуынша, Ресейдің Қазақстанға салған инвестициясын 30 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Қазір екі елдің қатысуымен 20 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Олардың қызметі жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және отандық кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге экономист Қазақстан үшін тек инвестиция тарту емес, одан түсетін пайданы ел ішінде қалдыру да маңызды екенін атап өтті.
Соңғы 20 жылда Ресейдің елімізге салған инвестициясы 27-28 млрд долларға жетті. Президенттер арасындағы келісім бойынша бұл көрсеткішті 30 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты бар. Қазір сол межеге жақындап қалдық, – деді ол.