Түркия Қазақстанның Орта дәлізді дамыту ұсынысын қолдады
Қазақстанның Орта дәлізді дамыту жөніндегі бастамасы Түркияда қолдау тапты.
Кожаэли қаласында өткен түркі әлемі жастарының кездесуінде биліктегі Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысы Күршад Зорлу Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанда көтерген ұсынысына ерекше назар аударды. Саясаткердің айтуынша, қазір әлем энергетикалық пен экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатқан кезде түркі мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын нығайту қажет. Осы ретте Нахчыван мен Әзербайжан арасындағы 44 шақырымдық көлік желісін темір жол мен өзге де инфрақұрылым арқылы Орта дәлізге қосу өте маңызды. Бұл бастама жүзеге асса, Азия мен Еуропаны жалғайтын транзиттік желілердің байланысы күшейеді, дейді саясаткер.
Күршад Зорлу, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысы:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіргім келеді. Ол жақында Әзербайжан мен Нахчыванды жалғайтын Зангезур дәлізін Орта дәлізге қосу жөнінде қажетті жұмыстар жүргізуді ұсынды. Каспий теңізі жағалауындағы стратегиялық маңызы бар бауырлас мемлекеттен шыққан бұл бастама өте маңызды. Нахчыван бағытындағы темір жол құрылысы аяқталса, контейнерлік тасымал мен ауқымды гуманитарлық операциялар үшін зор мүмкіндік ашылады.