Еуроодақта дизель 82%-ға қымбаттады
Еуропада дизель отыны жыл басынан 82 пайызға қымбаттады. Мұны Польшаның Шығыс Еуропа зерттеулер орталығының сарапшылары анықтаған.
Олар күз бен қыста энергия өнімдерін жеткізу ісі қазіргіден де қиындайтынын ескертеді. Бұған Таяу Шығыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қирауы, тасымалдың тоқтауы және отын экспортына салынған шектеулер себеп. «Кәрі құрлықтың» өзінде оны өңдеу қуаты кеміп барады. Кейінгі 17 жылда аймақта 30-ға жуық мұнай өңдеу зауыты жабылған немесе қайтадан құрылған. Әсіресе мұнай өнімдеріне қатты тәуелді Орталық және Шығыс Еуропадағы ахуал күрделі. Жағдайды тұрақтандыру үшін «Үлкен жетілік» елдері алдағы 4 айда стратегиялық қоймалардан 100 млн баррель «қара алтын» шығаруға уағдаласқан. Алайда сарапшылар: «Бұл шара мәселені түпкілікті шешпейді», - дейді.