БҰҰ: әлемде 1,2 млрд адам кедейлікте өмір сүреді
Әлемде кедейшілікте өмір сүріп жатқан адам саны 1 млрд 200 млн-ға жетті. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа баяндамасында айтылған, деп хабарлайды 24KZ.
Бір жыл ішінде олардың қатары 51 млн адамға көбейді. Бұған халық санының артуы, экономикалық дағдарыстар мен қарулы қақтығыстар себеп. Жоқшылықта өмір сүретіндердің жартысынан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Алайда 15 жылдың ішінде өмір сүру деңгейін айтарлықтай көтерген елдер де бар. Баяндама ақпаратына сүйенсек, 89 мемлекеттің 30-ы кедейлік деңгейін екі есе төмендеткен. Мұндай мемлекеттердің қатарында Мысыр, Непал, Вьетнам және Қытай бар.