Түркияда туу көрсеткіші тоғыз жыл қатарынан төмендеп келеді
Түркияда туу көрсеткіші тоғыз жыл қатарынан төмендеп келеді. Бұған жастардың шаңырақ көтеріп, бала сүюге асықпауы себеп, деп хабарлайды 24KZ.
Ал елдің ертеңіне алаңдаған билік жас отбасыларға қолдау көрсетуді күшейтіп әлек.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
– Түркияда биыл 9 жыл қатарынан бала туу көрсеткіші төмендеді. 86 млн-нан астам халық қоныстанған Анадолы аймағында былтыр 895 мың 374 сәби дүниеге келген. Ресми дерекке сәйкес бала тууға қабілетті 49 жасқа дейінгі әйелдер арасында орташа бала саны 2001 жылы 2,38 болса, 2014 жылдан бері бұл көрсеткіш халықтың табиғи өсіміне қажетті меже 2,1-ден өспей тұр. Туу деңгейі әсіресе Түркияның Бартын, Эскишехир, Анкара және Зонгулдак қалаларында төмен. Түркияның статистика институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, білімі тек мектеппен шектелген қыз-келіншектер арасында бала туу әр анаға шаққанда 2,51 болса, ал оқу орнын тәмамдаған, көзі ашық әйелдер арасында бұл көрсеткіш 1,24-ке тең. Сарапшылар да әйелдердің еңбек нарығына белсенді араласуы табиғи өсімнің төмендеуіне әсер ететін факторлардың бірі екенін айтады.
Мұстафа Кемал Жошкун, Анкара университетінің оқытушысы, әлеуметтанушы:
– Демографиялық теңгерімнің бұзылуына алдымен урбанизация, яғни ішкі көші-қон әсер етуде. Мегаполиске жастар жұмыс іздеп барады. Ал мұндай алып шаһарларда күнкөріс қымбат болған соң, бала сүюді кейінге ысырып қояды. Сөйтіп ерлі-зайыптының екеуі де жағдайын түзеу үшін мансап қуады. Бұл факторлар демографиялық үрдіске кері әсерін тигізіп отыр.
Ал тұрғындардың айтуынша, жастардың отбасын құру мен бала сүюді кейінге қалдыруына елдегі экономикалық жағдай себеп. Күнделікті тұрмыстың қымбаттауы, баспана жалдау, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер жастардың күнкөрісін қиындатып отыр. Сондықтан көбісі әуелі аяққа тұрып, материалдық жағдайын жасап алғысы келеді. Ал үйленгендер балалы болуды бірнеше жылға шегеруге мәжбүр.
Осы үрдіске алаңдаған билік алдағы он жылды «Отбасы және халықтың онжылдығы» деп жариялады. Соған сәйкес жастарды отбасын құруға ынталандыру үшін арнайы бағдарламаларды іске асырып жатыр. Үкімет үйлену жасындағы жұптарға 150 мың лира көлемінде пайызсыз несие береді. Бала дүниеге келсе, несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылған. Ал екінші нәрестесін дүниеге әкелген жас отбасылардың қарызы толық кешірілуі мүмкін. Бұдан бөлек, билік биылдан бастап декреттік демалыс мерзімін ұзартып, сәбилі болғандарға бірреттік төлем мөлшерін ұлғайтты.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева