Анкарада түркі елдерінің гастрономиялық фестивалі өтті

Қазақтың ет тамағы, қырғыздың орамасы, өзбек палауы мен түрік сорпасы. Анкарада өткен түркі әлемінің гастрономиялық фестивалінде бауырлас елдердің ұлттық тағамы көпшілікке ұсынылды. Үш күнге созылған іс-шарада 20 түрлі дәм әзірленіп, түркі халықтарының бай аспаздық мұрасы ұлықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

– Мұнда түркі халықтарының ұлттық тағамдары мен Түркияның әр өңіріне тән дәстүрлі дәмі көпшілікке ұсынылуда. Қазір Анкараның Бейпазары ауданында кеңінен танымал тархана сорпасы келушілерге таратылып жатыр. Ол ұн, көкөніс және ашытылған сүттен дайындалады. Әр халықтың өзіне тән ас әзірлеу дәстүрі бар.

Тархана – көшпелі халықтың қысқы азығын алдын ала әзірлеу дағдысынан қалған көне тағам. Бұл қазақ, қырғыз, өзбек ұлтының тұрмыс-тіршілігі мен ас мәдениетінің сабақтастығын аңғартады. Анкарада туризм көрмесі аясында алғаш рет ұйымдастырылған гастрономиялық фестивальде аспаздар әр ұлттың дәстүрлі дәмін әзірлеп, түркі халықтарына ортақ ас мәзірімен таныстырды.

Гөкхан Йылмаз, Түркия аспаздар федерациясының төрағасы:

– Әр ұлттың төл өнімдерін арнайы шеберлік сабақтары арқылы Анкара халқына таныстырамыз. Мәселен, манты тағамы түркі елдерінің барлығында бар. Бәрінде қолданылатын өнім мен салмасы бірдей. Тек әзірлеуі әртүрлі. Осы арқылы біз ортақ мәдениетімізді тоғыстырып, түркі халықтарының асханасы бір-біріне қаншалықты жақын екенін көрсеткіміз келді.

Міне, қазақтың ұлттық асы ет те әзірленіп, көпшілікке ұсынылды. Бір ерекшелігі, дәстүрлі дәмімізді қазақ аспаздары емес, түрік мамандар әзірлеген. Әдетте қазақ етін мол салып, қазы-қарта, жал-жаясымен көмкеріп, табақ тартады. Қазақы дәмнен ауыз тиюге келгендердің қарасы қалың. 

Түркі халықтарының ас мәзірі өте ұқсас. Бір халықта ет асылса, енді бірінде қамырдан жасалған тағам кең тараған. Атауы бөлек болғанымен, әзірлеу тәсілі мен дәм үйлесімінде ортақ сипат көп.

Эмин Пазаржы, журналист, жазушы:

– Түркі халықтарының гастрономиялық мұрасы өте бай әрі ауқымды. Меніңше, әлемде мұндай ортақ аспаздық мәдениеттің баламасы көп кездеспейді. Мысалы, сіздерде ет тағамы көп. Біздің ас мәзірімізде де еттен жасалатын тағам жиі кездеседі. Өйткені дастарханымыз да, мәдениетіміз де ортақ. Мұндай іс-шаралардың өз болмысымызды қайта танып, құндылығымызды дәріптеуде маңызы зор.

Иә, түркілерге ортақ ас дәстүрінің тамыры тереңде. Ол әр елдің тарихы, тұрмыс-тіршілігімен сабақтасып жатыр. «Сондықтан ұлттық тағамды дәріптеу – ортақ мұраны ұлықтаумен тең», – дейді сарапшылар. Ал гастрономиялық фестиваль дәстүрлі түрде келесі жылы да ұйымдастырылады.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: