Оңтүстік Корея жас отбасыларды қолдау шараларын күшейтті

Бала сүюге асықпайтын елдердің алдыңғы қатарында тұрған елдердің бірі –  Оңтүстік Корея. Енді үкімет арнайы жоспар әзірлеп, жанталасып жатыр. 

Өйтпесе алда халық саны күрт төмендеуі ықтимал. Құжат аясында оңтүстіккореялық жастарды қолдап, жеңілдетілген несие беріп, тұрмысын түзеуге көңіл бөлмек. Алайда бұл қаншалықты нәтиже береді? 

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда туу мәселесінің қаншалықты маңызды екенін онымен ел Президенті жанындағы арнайы мемлекеттік органның айналысатынынан-ақ аңғаруға болады. Ол Демографиялық стратегия жөніндегі комитет деп аталады. Бүгін мемлекет басшысы Ли Дже Мён демографиялық стратегияның бесжылдық тұжырымдамасы бойынша сөз сөйлейді.

Жаңа жоспардағы жаңашылдықтардың бірі – бала туу мен тәрбиесіне берілетін қолдауды кеңейту. Өнер қайраткерлеріне, фрилансерлерге және жеке дара жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалатын болды. Сондай-ақ қызметкерлер бала күтіміне байланысты демалыс кезінде икемді кестемен жұмыс істей алатын жүйе енгізіледі.

Ким Джин О, Корея Республикасы президенті жанындағы Демографиялық стратегия жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:

- Метро станцияларының маңында және жастарға қолайлы басқа да жерлерге  571 мың дана мемлекеттік тұрғын үй салынады. «Жастарға арналған болашақ ипотекасы» бағдарламасын құру арқылы алғашқы баспананы сатып алуға берілетін қолдауды күшейтеміз. Жаңадан шаңырақ көтергендерге арналған жеңілдетілген несие бағдарламалары бойынша табысқа қойылатын талаптар жеңілдетіледі. Көпбалалы отбасылардың мемлекеттік баспанаға өтінім беру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ үш және одан да көп баласы бар отбасыларға арналған несиелер бойынша жеңілдетілген пайыздар қарастырылған.

Айта кетейін, Оңтүстік Кореяда туу коэффициентінің өсу үрдісі байқалады. Әр әйелге 0,72 баладан келетін тарихи ең төменгі көрсеткіш 2023 жылы тіркелген еді. 2024 жылы ол 0,75-ке дейін өссе, өткен жылы 0,8-ге жетті. Билік мұны COVID-19 пандемиясы кезінде және одан кейін көптеген жұбайлардың үйлену тойларын кейінге қалдыруымен байланыстырады. 2022 жылдан 2024 жылға дейін некеге тұру көрсеткіші күрт өсті. 1-2 жылдан кейін бұл бала туудың табиғи өсіміне алып келді. Енді осы көрсеткішті сақтап қалу үшін үкімет жастарды жұмыспен қамтамасыз еткісі келеді. Жастар арасында жұмыссыз немесе «демалыста жүргендер» санатына жататындар бар. Олардың саны 400 мыңнан 720 мың адамға дейін жетеді. Бұл топқа жұмысы жоқ, оны іздемейтін және оқымайтын дені сау, еңбекке қабілетті азаматтар кіреді. Үкімет олардың 100 мыңын оқытып, қарттарды бағушы ретінде жұмысқа орналастырмақшы. Жастар жасанды интеллект пен робототехниканың көмегімен өңірлердегі қарт адамдарға күтім жасайды. Оларды лайықты жалақымен, баспанамен және қызметтік көлікпен қамтамасыз ету жоспарланған. 

Хён Су Ёп, Корея Республикасы Денсаулық сaқтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрінің бірінші орынбасары:

- Келешекте біз жастар үшін заманауи технологияларды әлеуметтік саламен байланыстыратын жұмыс орындарын құрғымыз келеді. Қазір күтімге мұқтаж адамдарға әдетте күніне 3 сағатқа келетін күтуші көмектеседі, ал қалған уақытта олар жалғыз қалады. Біздің мақсатымыз – ЖИ тәулік бойы мониторинг жүргізіп, сұхбаттасып және қалыптан тыс белгілерді тіркеп отырса. Биылдан бастап  бұл жүйені 400 үйде тестілеуден өткізіп жатырмыз, ал келесі жылдан бастап оның ауқымын кеңейтеміз.

Халық санының төмендеуін тоқтату үшін үкімет Оңтүстік Кореяға әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды мамандарды тартуды, өңірлердің қажеттіліктері үшін техникалық факультеттер санын кеңейтуді және шетелдіктер үшін тұрақты тұруға рұқсат беру мен азаматтық алу процедураларын жеделдетуді көздеп отыр.

Ұлттық деректер бюросының биылғы болжамдарына сүйенсек, 2030 жылға қарай жиынтық туу коэффициенті орта есеппен бір әйелге 1 баладан да аз келеді. Үкіметтің бесжылдық демографиялық стратегиясының мақсаты – халық санының күрт төмендеуін тоқтату. Себебі демографтар егер ештеңе істелмесе, осы қарқынмен Оңтүстік Кореяда 2050 жылға қарай қазіргі 51 жарым млн-нан астам адамның орнына шамамен 46 миллиондай ғана адам қалады деп ескертеді. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

 

Сондай-ақ оқыңыз: