Пәкістанда мектептің шатыры опырылып, кемінде 20 оқушы мен мұғалім қаза тапты

фото: ЖИ

Пәкістанның Пешавар қаласында жекеменшік мектептің шатыры опырылып, кемінде 20 оқушы мен бір мұғалім қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ Dawn басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 15 қазан күні таңертең Дир-Колони ауданында орналасқан Al-Khair School System жекеменшік мектебінде болған.

24NewsHD телеарнасының мәліметінше, зардап шеккен балалар мен мектеп қызметкерлері Lady Reading ауруханасына жеткізілген. Олардың кейбірінің жағдайы ауыр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, аурухана өкілі Мұхаммад Асим қаза тапқан оқушылардың жасы 13-ке толмағанын айтқан. Оқушылар мен мұғалім ауруханаға жеткізілмей жатып көз жұмған.

Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар үйінділерді аршып, астында қалған болуы мүмкін балаларды іздестіруде. Шатырдың опырылу себебі әзірге белгісіз. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: