АҚШ-тың Green Card лотереясы: сот шешімі шықты
АҚШ-тың федералдық соты Мемлекеттік департаментті Green Card лотереясына тіркеуді қайта ашуға міндеттеді. Өтінім қабылдау былтыр күзде басталуға тиіс еді. Бірақ әлі күнге дейін жүргізілмеген. Осыған байланысты Калифорниядағы заң фирмасы мемлекеттік хатшы Марко Рубионы сотқа берген, деп хабарлайды 24KZ.
Ердана Ержанұлы, тілші:
– Америкаға көшудің бір жолы саналатын Green Card лотереясына қатысты сот шешімі шықты. Мемлекеттік хатшы Марко Рубионы сотқа берген – Калифорниядағы Red Eagle Law заң фирмасы. Компания иммиграциялық істермен айналысады, соның ішінде грин-карта лотереясынан іріктелген адамдарға заң көмегін көрсетеді.
Талап арызында фирма бағдарламаның тоқтап тұруы өз қызметіне де экономикалық зиян келтіретінін айтқан. Яғни бұл істе заң фирмасының өзі талапкер, ал Рубио Мемлекеттік департамент басшысы ретінде жауапкер болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, лотереяға тіркеу әдетте қазан-қарашада өтіп, шамамен бір айға созылады. Мысалы, алдыңғы DV-2026 бағдарламасына өтінімдер 2024 жылғы 2 қазаннан 7 қарашаға дейін қабылданған. Демек, DV-2027 бағдарламасына тіркеу былтыр күзде күтілген еді. Бірақ 5 қарашада Мемлекеттік департамент өтінім беру тәртібін өзгертіп жатқанын айтып, нақты күндерді кейін жариялауға уәде берді. Айлар өтсе де, тіркеу ашылмады. Биыл 19 тамызда Red Eagle Law сотқа жүгінді. Фирманың уәжі – билік Конгресс бекіткен жыл сайынғы бағдарламаны өткізбей қоя алмайды. Ал Мемлекеттік департаментті сотта қорғаған заңгерлер «бұл лотереяға тіркеуді ертерек өткізу керек еді, енді оны ашуға заң бойынша кеш» деген уәж айтқан. 14 қазанда судья Джинсук Ота тіркеуді 18 қазаннан кешіктірмей ашып, өтінімдерді 30 күн ішінде қабылдауды міндеттеді. Артынша Мемлекеттік департамент пен заң фирмасы тіркеуді бастау мерзімін екі аптаға ұзартуды бірлесіп сұрады. Фирма адвокаты Кёртис Моррисонның хабарлауынша, судья бұл өтінішті мақұлдаған. Адвокат қосымша уақыт лотереяға жауапты Кентукки консулдық орталығына тіркеуді ақаусыз іске қосуға көмектеседі деп үміттенеді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
– Айта кетейік, бұл түпкілікті соңғы шешім емес, іс қаралып жатқанда орындалуға тиіс сот ұйғарымы. Сот процесі әлі жалғаса береді. Дегенмен енді АҚШ Мемлекеттік департаменті Green Card-ға қатысты нақты мерзімді жариялауы керек. Хабарламада тіркеудің қашан басталып, қашан аяқталатыны, өтінім беретін сайт пен қатысу талаптары көрсетілуге тиіс.
Авторы: Ердана Ержанұлы