Қытайда қарттарға «бала жалдау» сәнге айналды: қызмет құны қанша?

Фото: kaz.inform.kz

Қытайдың Чжэцзян провинциясында егде жастағы адамдарға серік болып, күнделікті тұрмысына көмектесетін ақылы қызмет түрі кеңінен тарала бастады. Халық арасында «ақылы серік бала» аталып кеткен бұл қызмет қарттардың жалғыздығын азайтып, оларға қолдау көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды «24KZ» Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.  

Қытайдың Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың соңында елде 60 жастан асқан тұрғындар саны 323 миллионға жеткен. Олардың 130 миллионнан астамы отбасынан бөлек тұрады. Ал Қытайдың Геронтология ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, егде жастағы адамдардың шамамен 25 пайызы қоғамнан оқшауланып, жалғыздық сезінеді.

Осыған байланысты Ханчжоу, Нинбо және Лишуй қалаларында қарттарға көмек көрсетудің бірнеше үлгісі енгізілген. Олардың қатарында еріктілер бағдарламалары, көршілердің өзара қолдауы және ақылы қызметтер бар.

Мәселен, Нинбо қаласының Фэнхуа ауданында қарттарға күнделікті көмектесетін көршілерге күніне 80-100 юань (11-14 доллар) көлемінде ақы төленеді.

Ал коммерциялық қызметтер көбіне интернеттегі жеке хабарландырулар арқылы ұсынылады. Екі сағаттық қызметтің құны шамамен 150 юаньды (21 доллар) құрайды. Мамандар қарттардың қан қысымын өлшеп, азық-түлік сатып алуға көмектеседі, медициналық мекемелерге бірге барады. Сондай-ақ олармен әңгімелесіп, бос уақытын бірге өткізу арқылы эмоционалдық қолдау көрсетеді.

Дегенмен, мамандар бұл қызметтің құқықтық және этикалық тұстарына назар аударып отыр. Олардың пікірінше, отбасы мүшелерінің қамқорлығы ұзақ мерзімді жауапкершілікке негізделсе, ақылы қызмет белгілі бір келісімшарт аясында ғана көрсетіледі. Сондықтан қызметтің кенеттен тоқтауы қарттардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар клиенттердің сенімсіздігі мен алаяқтық қаупі де саланың дамуына кедергі келтіріп отыр. Кейбір күтушілер қарттарды алаңдатпау үшін өздерін отбасының таныстары ретінде таныстырып, қызметтің ақылы екенін бірден айтпайды.

Мамандардың пікірінше, халықтың қартаюы жағдайында мұндай қызметтерге сұраныс арта түсуі мүмкін. Алайда оның кеңінен таралуы үшін қызмет көрсетудің нақты ережелері, қауіпсіздік талаптары мен қарттардың құқықтарын қорғау тетіктері қажет.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: