Елде әлеуметтік қызметкер жетіспейді

Біреуге үй шаруасына көмектессе, енді біріне жалғыздықты еңсеруге демеу болады. Бұл – әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті тірлігі. Алайда жауапты салада маман тапшы, деп хабарлайды 24KZ.

Әсемгүл Бускеева – әлеуметтік қызметкер. Бұл салада 10 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде 8 адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етеді. Күн сайын 4 адамның үйіне барып, әрқайсысына 2 сағаттан уақыт бөледі. Біріне үй шаруасына көмектессе, екіншісімен дүкенге бірге барады. Әсемгүлдің айтуынша, салада маман жетіспейді.

Әсемгүл Бускеева, әлеуметтік қызметкер:

– Күніне төрт адам. Бір адамға екі сағатымызды арнаймыз. Оның үйінің тірлігіне көмектесеміз. Қызмет алушылармен бірге сыртқа шығып, олармен дүкенге барып, керек-жарағын алуға көмектесеміз. Маман тапшылығы енді қарт адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан келгендер көбі жұмыстан шығып, ары-қарай алып кете алмай жатады.

Әсемгүлдің қамқорлығындағы жандардың бірі – 85 жастағы Ирина Черных. Ол 1941 жылы дүниеге келген. Жас кезінде ветеринар, кейін есепші болып еңбек етті. Өмірдің талай сынағын бастан өткеріп, жолдасы мен екі ұлынан айырылды. Бүгінде жалғыз тұрады. Әсемгүл қарияға екі жылдан бері көмек көрсетіп жүр. Ирина әжей әлеуметтік қызметкерін әрқашан қуана қарсы алады.

Ирина Черных, қызмет алушы:

– Мен Әсемгүлге өте ризамын. Маған екі жылға жуық уақыттан бері көмектесіп жүр. Ол үйіме келген кезде балаша қуанамын. Ол өте сабырлы, мәдениетті. Осындай жандардың еңбегін елге көбірек айту керек.

Қазір елде 12 мыңға жуық әлеуметтік жұмыскер еңбек етеді. Оның 55,5 пайызы ауылдық жерде болса, 44,5 пайызы қалаларда жұмыс істейді. «Кадр тапшылығын шешу үшін 12 жоғары оқу орнының базасында маман даярлау көзделіп отыр», – дейді мамандар.

Әсем Есжанова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының басшысы:

– Кадр тапшылығын шешу үшін ең алдымен маман даярлау, қайта даярлау және кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Бүгінде Skills Enbek білім беру платформасында 12 мың әлеуметтік жұмыскер оқудан өтті. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіби біліктілігін тану жүйесі енгізілді.

Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласында 40 000-ға жуық адам еңбек етеді. Олардың елеусіз көрінген еңбегінің артында адам тағдыры, мейірім және үлкен жауапкершілік жатыр.

Авторы: Дана Килибаева

Сондай-ақ оқыңыз: