БҰҰ қуаңшылықпен күресті күшейтті
Орталық Америкада «Эль-Ниньо» құбылысынан туындаған құрғақшылықтан егін қурап, миллиондаған адамның азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр. Мәселені шешу үшін БҰҰ мамандары топырақтың ылғалдығын сақтап, тыңайтқышты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны іске қосып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Гондураста тұратын фермер Марко Портильо жүгері мен үрмебұршақ өсіріп, нәпақасын табатын. Алайда биылғы өнімнен қайыр болмады. Аптап пен қуаңшылықтан егін қурап, шаруашылығына орасан зор шығын келді.
Марко Портильо, фермер:
– Су тапшылығынан жайылым тақырланып, шаруадан маза қашты. Төрт түлігіміз қырылып жатыр. Биылғы «Эль-Ниньо» құбылысы тіпті жығылғанға жұдырық болды.
Көршілес Гватемалада да жағдай мәз емес. Аймақтағы топырақ әбден кеуіп қалғандықтан ылғалды бойына сіңіре алмайтын күйге айналды. Қара жер екі айдан астам уақыт бір тамшы жауын көрмеген. Фермер Хуана Толом да бар өнімінен айырылды.
Хуана Толом, фермер:
– Топырақ су көрмегеннен әбден қатып қалған. Өсімдіктер қурап жатыр. Жердің беті тықырланып кеуіп жатыр.
Қуаңшылық жайлаған Гондураста 2 млн гектардан астам жер шаруаға жарамсыз күйге айналды. Тағдырын егін егумен байланыстырған жергілікті қауымға бұл үлкен мұң болды. Өйткені табиғат апатымен бірге аштық қаупі де күшейді. Осыған орай БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы 7 елдің жерін зерттеуге кірісті. Топырақтың 40 мың үлгісі сыналып жатыр. Жиналған деректер негізінде топырақ құнарлылығының картасы әзірленіп, тыңайтқыштарды дұрыс таңдау және ылғалды ұзақ сақтауға көмектесетін өңдеу тәсілдері бойынша ұсыныстар беріледі.
Пабло Руис, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының топырақ мәселелері бойынша маманы:
– Топырақтың барлық түріне бірдей тыңайтқыш қолдану тиімсіз. SoilFER бағдарламасының көмегімен әрбір жер теліміне сәйкес тыңайтқыштар мен топырақты өңдеу әдістері бойынша нақты нұсқаулықтар беріледі.
Топырақ құнарлылығын сақтауда қарашіріктің маңызы зор. Ол – жаңбыр суын бойына сіңіріп, әрі оны ұзақ уақыт сақтап тұратын органикалық зат. Фермерлерге топырақты күтіп-баптаудың қыр-сырын үйрету үшін ФАО «топырақ дәрігерлерін» де даярлап жатыр. Олар алған білімін басқа шаруалармен бөлісетін болады. Бағдарламаның мақсаты – тыңайтқыш шығындарын азайту, өнімділікті арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы