Бангладеште қызылша 1147 адамның өмірін қиды
Бангладеште қызылша індетінен көз жұмғандар саны 1 мың 147 адамға жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бақилық болғандардың басым бөлігі, яғни 94%-ы – 5 жасқа дейінгі бала. Кейінгі жарты жылда аталған вирусты жұқтырды деген күдікпен 200 мыңнан астам жағдай тіркелді. Оның 22 мыңы зертхана сынамалары арқылы расталған. Мамандар індеттің барынша өршіп, жаппай таралуына былтырға жоспарланған иммундау кестесінің үзіліп қалуы себеп дейді. Бангладеште саяси бақталастық тереңдеп, билік ауысып, бұл қажетті дәрі-дәрмекті сатып алу және жеткізу ісіне кері әсер еткен. Билік енді ғана шұғыл вакциналау науқанын қолға алды. Бірақ кеш қимылдағандықтан, қызылшаның таралу қарқынын тежеу әзірге мүмкін болмай тұр. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, елде қызылшамен қатар денге безгегі де қатты өршіп тұр, ауруханаға түскендер саны 80 мыңға жуықтады.