Германияда әскерге барудан жалтару көбейді
Германияда әскерге барудан бас тартқандар саны 4 есе көбейді.
Неміс ақпарат құралдарының мәліметінше, жыл басынан бері Отбасы және азаматтық қоғам істері бойынша федералды басқарма әскери міндетін атқармау туралы 15 мың өтініш тіркеген. Былтыр олардың саны 3800-ден сәл ғана асқан еді. Сарапшылар мұның себебін қаңтарда күшіне енген әскери қызмет туралы жаңа заңмен байланыстырады. Ол бойынша 18 бен 25 жас аралығындағы ер адамдар әскерге жарамдылыққа қатысты сауалнама толтыруы тиіс. Ал 2027 жылдың ортасынан бастап 18 жастағы барлық жігіттер әскери тіркеуге тұруға және медициналық тексерістер өтуге міндеттелді. Үкімет бұл шаралар Германияның Қарулы күштерінің қатарын толтыруға бағытталған дейді.