Францияда хакерлер тоңазытқышты бұзды
Қолыңыздағы смарт сағатқа дейін қауіпті болып барады. Өйткені интернетке қосылған құрылғылардың қай-қайсына да хакерлер шабуылдауы мүмкін. Қаскөйлер Францияда ірі дүкендердің температураны реттейтін жүйесін бұзып, тоңазытқыштарды қыздырып жіберген, деп хабарлайды 24KZ.
Тоңазытқыш істен шыққан соң, азық-түлік түгел бұзылып, кәсіпкерлер қыруар өнімді қоқысқа тастады.
Францияда кибершабуылдың алдын алу үшін 100 дүкен интернеттен ажыратылды. Өйткені сауда нүктелеріндегі тоңазытқыштар хакерлердің нысанына айналды. Жұмысын қашықтан өзгертіп, 80 градусқа дейін қыздырып жіберген. Өнім бүлінген соң, кәсіпкерлер мұздатқыштағы азық-түлікті түгел қоқысқа тастауға мәжбүр болды.
Паулу Кардозу ду Амарал, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:
- Кибершабуылдан 2 мыңға жуық дүкен зиян шегуі мүмкін. Бірақ бұл нақты саны емес. Тоңазытқыштардың салқындату жүйесі істен шығып, азық-түлікті қыздырып жіберген. Бұл хакерлердің шабуыл жасау әдісі өзгергенін көрсетеді.
Тергеу жүріп жатыр. Алайда хакерлердің көздегені не? Өйткені ешкім ақша талап етпеген. Жеке деректер де қолды болған жоқ. «Францияның құқық қорғау органдарының өкілдері шабуыл кезінде қай елдің сервері қолданылғаны маңызды емес», – дейді. Өйткені интернет трафигін басқа мемлекет арқылы бағыттауға болады. Сондықтан тергеу жұмысы әзірге тығырыққа тіреліп тұр.
Эмма Пле, Франция Киберқауіпсіздік агенттігінің бөлім басшысы:
– Қазір әр отбасының үйінде ақылды технология бар. Жарық, жылу, тіпті білегімізге тағатын смартсағат та – интернетке қосылған. Егер қаскөйлер осы құрылғылардың біреуін бұзып, оның желілік байланысын пайдалана алса, талай адам сан соғып қалуы мүмкін.
Францияның киберқауіпсіздік агенттігі өкілдерінің бұлай деуіне негіз бар. Өйткені Данияның Danfoss компаниясының бағдарламасы орнатылған тоңазытқыштардың серверлері бұзылған. Қазір интернетке қосылған құрылғылар күнделікті қажеттілікке айналды. Үйдегі жылыту жүйесі, бейнебақылау камерасы да интернетсіз жұмыс істемейді. «Ал бұл әсіре сақтықты талап етеді», – дейді сарапшылар.
Паулу Кардозу ду Амарал, киберқауіпсіздік сарапшысы:
- Бұрын компьютерлер мен серверлердің қауіпсіздігіне мән беретін едік. Енді компанияға қызмет көрсететін мердігерлердің жүйесін де тексеру керек. Себебі хакерлер тікелей компанияның өзіне емес, серіктестері арқылы жүйесін бұзуы мүмкін.
Сала мамандары интернетке қосылған көлік мінудің де өз тәуекелі бар екенін ескертеді. Қаскөйлер серверлерін бұзса, жүргізушілерді аңди алады. Ал хакерлердің құрбанына айналмаудың ең тиімді жолы – құрылғылардың бағдарламасын жаңартып, құпия сөзді үнемі өзгертіп отыру. Сарапшылар цифрлық әлемде қырағылық таныту қазіргі заманның басты талабы екенін айтады.
Авторы: Зайнұр Байжігіт