Йемендегі ахуал шиеленісіп барады
Йеменде қарулы қақтығыс қайта күшейіп, гуманитарлық жағдай күрделене түсті.
Әсіресе Таиз қаласындағы ахуал алаңдатады. Қалаға қатынайтын жолдардың жабылу қаупі тұрғындарды азық-түлік, жанармай және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр. Мысыр, Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан хуситтердің шабуылдарына қарсылық білдіріп, жағдайды саяси жолмен реттеуге шақырды. Бірақ дипломатиялық бастамалар әзірге айтарлықтай нәтиже бермей отыр.
Йемендегі ірі қалалардың бірі Таиз үшін күрес күшейді. Қала елдің ішкі аймақтарын оңтүстіктегі Аден қаласымен байланыстырады. Онда халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет орналасқан. Кейінгі апталарда хуситтер шабуылды күшейтіп, маңызды көлік тораптарын басып алды. Қазір олар қалаға жақындап қалды. Үкімет күштері өз позицияларын сақтап, қаланы азық-түлік пен қажетті заттармен қамтамасыз ететін жолдарды қайта ашуға тырысып жатыр. Алайда негізгі жолдардың жабылу қаупі бар. Жергілікті тұрғындар қаланың қайтадан ұзақ қоршауда қалуынан қауіптенеді.
ҰЛЫБРИТАНИЯ
Бараа-Шибан, RUSI Йемен және Парсы шығанағы елдері бойынша қауымдастырылған ғылыми қызметкері:
- Таизді басып алу елдегі халық тығыз қоныстанған провинциялардың бірін бақылауға алуға мүмкіндік береді. Қала стратегиялық тұрғыдан да маңызды. Оны бақылауға алған тарап басқа провинцияларға жол аша алады. Қазірдің өзінде тұрғындар азық-түлік тапшылығына тап болып, баға күрт өсті. Әсіресе ауыз су мәселесі алаңдатады. 2016-2017 жылдары қала қоршауда қалған кезде су тапшылығы өте ауыр болған еді.
ЙЕМЕН
Қарулы қақтығыстардың күшеюі Йемендегі гуманитарлық ахуалды ушықтырып отыр. ЮНИСЕФ дерегіне сүйенсек, қыркүйек айының басынан бері 200 мыңнан астам адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 110 мыңға жуығы балалар. Қоныс аударғандардың басым бөлігі Таиз провинциясына шоғырланған. Өңірдегі медициналық мекемелер жұмыс істемейді. Азық-түлік пен жанармай қымбаттап, дәрі-дәрмек тапшылығы да күшейіп келеді. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының мәліметінше, 2026 жылы Йеменде 22 миллионға жуық адам гуманитарлық көмекке зәру болады. Бұл ел халқының жартысынан астамы.
Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысы баспасөз хатшысының орынбасары:
- Қақтығыс күшейген сайын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдардың саны да артты. Бұл әрине гуманитарлық жағдайды қиындатып отыр. Әсіресе Таиз қаласындағы ахуал алаңдатады. Қалаға кіруге қойылған шектеулер тұрғындардың азық-түлік пен қажетті көмек алуына кедергі келтіруде. Сондықтан тағы да барлық тарапты бейбіт тұрғындарды қорғауға және көмекке мұқтаж адамдарға гуманитарлық көмекті қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік беруге шақырамыз.
АҚШ, НЬЮ-ЙОРК
БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы және Пәкістанның сыртқы істер министрлері бас қосып, елдегі дағдарысты реттеу жолдарын талқылады. Олар халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен үкіметін қолдап, қақтығысты йемендіктердің өзара диалогы арқылы саяси жолмен шешуге шақырды. Түркия хуситтердің Эр-Риядқа жасаған шабуылдарын айыптап, мұндай әрекеттер ұзақ мерзімді бейбіт келісімге кедергі келтіретінін мәлімдеді. Ал Мысыр Сауд Арабиясын қолдайтынын білдіріп қана қоймай, қажет болған жағдайда оған әскери көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Абдел Фаттах Әс-Сиси, Мысыр президенті:
- Сауд Арабиясын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдаймыз. Осыған байланысты парламенттің шұғыл отырысын өткізіп, тиісті шешім қабылдауын сұраймын. Біз ешкімге қарсы соғыс ашуды немесе шабуылдауды көздеп отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз тек қорғану.
Йемендегі жағдайдың ушығуы ел ішіндегі тұрақтылыққа ғана емес, халықаралық сауда жолдарының қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. Әсіресе Баб-әл-Мандеб бұғазы маңындағы ахуалдың шиеленісуі Еуропа мен Азия арасындағы теңіз қатынасына қауіп төндіреді. Сондықтан аймақтағы қақтығыстарды тоқтатып, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықаралық қауымдастық үшін маңызды міндет болып қала береді.