Қытайда роботтарды басқаруға интернет жылдамдығы жетпей жатыр

Қытай еліндегі роботтарды басқаруға  интернеттің жылдамдығы жетпей жатыр.

Бұл құлтемірлердің жаңа моделін жасауға кедергі.

Ал роботардың икемді болуы үшін адамның әлі де тер төгуіне тура келеді. Бастысы, құлтемірді бас білдіру керек. Сол үшін темірге де сабақ өткізеді. Бұдан бөлек роботтарды 6G технологиясына негіздейді.

Қытайда робот өндірісі жаңа деңгейге шықты. Нарықта ақылды, жылдам шешім қабылдап, тапсырманы дәл орындайтын құлтемірлерге сұраныс артқан. Қазір оларды оқытатын арнайы оқу орындары көбейді.

Чжан Тяньи, роботтарды сынақтан өткізетін алаңның ғылыми қызметкері:

- Роботтар қоршаған ортаға физикалық тұрғыда бейімделуі тиіс. Моделіне қарай әртүрлі тапсырма беріледі. Біз оларды шынайы кедергілермен жүргізу арқылы сынақтан өткіземіз. Әлсіз тұстарын анықтап жетілдіреміз.

Жасанды интеллектімен басқару кезіндегі икемделігі маңызды. Алайда қатесіз әрі тұрақты жұмыс істеу үшін қазіргі қолданыстағы интернеттің жылдамдығы жеткіліксіз. Қытайлар роботтарды оқытуға алғаш рет 6G интернетті қолданды. Жаңа технология құлтемірлердің шапшаңдығы мен икемділігін арттыруға жол ашты.

Лю Гуани, роботтарды сынақтан өткізетін алаңның жетекшісі:

- Сигнал секундтан аз уақытқа кешіксе роботтың қабілеті төмендейді. Ақпарат жинақтаудан бөлек жылдам шешім қабылдап оны дәл орындау үшін қазіргі 5G және 5G-A технологиясы баяу боп тұр. Әсіресе жасанды интеллектімен басқару кезінде жүйенің тежелуі жиіледі. Біз алғаш рет 6g интернетке негізделген арнайы зертхана жасап шығардық. Бұл желіге бірден бірнеше құрылғыны қосып жұмыс істеуге мүмкіндік берді. 

Тың технология арқылы үйретілген роботтарға сұраныс бірден артты. Алғашқы аптаның өзінде 100 данасына тапсырыс түскен. Енді жоба авторлары өндіруші компанияларға роботтарды оқытып, үйрету қызметін ұсына бастады. Айта кету керек, кеден басқармасының мәліметіне сәйкес Қытай биыл алғашқы жарты жылдықтың өзінде түрлі мақсаттағы 10 миллионнан астам робот экспорттаған. Жалпы құны 3 миллиард АҚШ долларына жуық  заманауи құлтемірлер 150-ден астам ел мен аймаққа сатылды.

Авторы Руслан Бақытбекұлы

Сондай-ақ оқыңыз: