Эбола індеті Африканың батысына тарады
Эбола вирусының таралу қаупі күшейіп барады. Конгода басталған індет көршілес елдерге де қауіп төндіріп тұр. Нигерияда Эбола жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Вирус Конго Демократиялық Республикасынан Уганда арқылы өтіп, Нигерия астанасы Абуджаға келген әйелден анықталды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі індеттің таралуына жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп жатыр. Ал жалпы Африкадағы індет басталғалы вирус жұқтырғандар саны 9 мың 500-ден асып, 4 мың 600-ден астам адам көз жұмған, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір Африка Эбола індетінің негізгі ошағына айналып отыр. Конго Демократиялық Республикасында Бундибугио вирусын жұқтырғандар саны 9 200-ден асты. Қарулы қақтығыстар мен халықтың жаппай қоныс аударуы індетпен күресті қиындатты. Әсіресе Конго Демократиялық Республикасының шығысында індетпен күрес оңай болмай тұр. Өйткені бұл аймақта қарулы қақтығыстар жалғасып, қоныс аударғандар саны артып келеді. Індет көрші елдерге де қауіп төндіріп отыр. Кенияда Эбола вирусын жұқтырғандар саны тоғызға жетті. Елде инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін бақылау күшейтілген. Қазір ауруханаларда науқастар лық толы. Жаңа науқастарды қабылдау үшін орын жетіспей жатыр.
Арман Спрехер, эпидемиолог, «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының өкілі:
– Ауру асқынған сайын науқас ағзадан вирусты көбірек бөліп, айналасындағыларға жұқтыру қаупі артады. Аурудың бастапқы кезеңінде адам әлі жүріп-тұра алатын кезде вирустың таралу қаупі төменірек болады. Ал жағдайы ауырлап, төсек тартып жатқан науқастардан өзгелерге жұғу қаупі жоғары.
Нигерияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вирус астана Абуджада анықталған. Вирус жұқтырған әйел Конго Демократиялық Республикасынан Уганда арқылы келген. Қазір ол оқшауланып, ем қабылдап жатыр. Мамандар науқаспен байланыста болуы мүмкін 44 адамды анықтап, бақылауға алған.
Әли Пате, Нигерияның Денсаулық сақтау министрі:
– Нигерияда Эбола вирусын жұқтырған адам анықталды. Зертханалық тексеру оның вирус жұқтырғанын растады. Алғашқы тест те, қайталама тексеру де оң нәтиже көрсетті. Қазір бақылауды күшейтіп жатырмыз. Науқас жатқан жеке клиникаға инфекцияның таралуына жол бермеу үшін көмек көрсетілуде. Қазір оның жағдайы тұрақты. Вирустың таралмауы үшін барлық шараны қабылдап, науқаспен байланыста болған адамдарды анықтап жатырмыз.
Елде Эбола вирусының таралуы жұртшылықты алаңдатып отыр. Тұрғындарды вирустың қаншалықты қауіпті екені және оның әрі қарай таралу қаупі мазалайды. Бірі жағдайды бақылауға алуға болады десе, енді бірі сақтық шараларын күшейту қажет деп санайды.
Африкада денге безгегі, маймыл шешегі, Зика, чикунгунья сияқты қауіпті вирустар әлі де кездеседі. Құрлықта жұқпалы аурулардың таралу қаупі сейілген жоқ. Одан қалса, тұрғындардың дәрігерге уақытында қаралмауы да мамандарды алаңдатады. Көпшілік аурудың алғашқы белгілеріне мән бермей, медициналық көмекке кеш жүгінеді. Мұның соңы дерттің асқынып, адам өлімінің көбеюіне әкелуі мүмкін. Тіпті таяуда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары да бұл мәселеге ерекше назар аударды.
Мохамед Джанаби, ДДСҰ Африкадағы аймақтық директоры:
– Эболаға қатысты басты мәселелердің бірі адамдардың дәрігерге кеш қаралуы. Салдарынан дерт асқынып, өлім-жітім артып отыр. Сондықтан жергілікті тұрғындармен тығыз жұмыс істеп, оларды аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде-ақ медициналық көмекке жүгінуге шақыруымыз керек.
Африкадағы қауіпті дертпен күреске халықаралық ұйымдар мен донорлар қаржы бөліп жатыр. G20 елдері мен ірі донорлар Конго Демократиялық Республикасына 470 миллион доллардан астам қаржы бөлуге уәде берді. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы уақытта Конгоға Эболаға қарсы 70 мың доза «Эрвебо» вакцинасын жеткізуді жоспарлап отыр.