Әлемде әрбір үшінші оқушы әлімжеттіктен зардап шегеді

Әлемде әрбір үшінші оқушы әлімжеттіктің құрбаны болады. Ал әр бесінші бала кибербуллингке тап болған. Бұл – ЮНЕСКО мәліметі, деп хабарлайды 24KZ.

«Ең ауыры – мектептегі әлімжеттік», – дейді мамандар.

Әлемде жыл сайын 250 млн-ға жуық бала мен жасөспірім мектептегі буллингке ұшырайды. ЮНЕСКО мәліметінше, олардың басым бөлігі – 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер. Әрі әлімжеттікке көбіне ұл балалар тап болады. Ұйым дерегіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы мектептегі буллинг деңгейі бойынша Самоа бірінші орында тұр. Онда оқушылардың 74 пайызы әлімжеттікке тап болғанын айтқан. Екінші және үшінші орындарда Филиппин мен Марокко тұр. Одан кейін Индонезия, Малайзия, Ауғанстан және Канада орналасқан. Зерттеуге зер салсақ, оқушылардың 36 пайызы шекіседі екен. Ал әр үшінші бала жылына бір рет соққыға жығылады. Бұдан бөлек, жаһан жұртын кибербуллинг те алаңдатып отыр. Халықаралық сарапшылар кибербуллинг кеңінен етек жайған елдер рейтингінде Үндістан, Бразилия мен АҚШ-тың көш бастап тұрғанын айтады.

АҚШ-та буллингпен күрес заңмен реттеледі. Барлық штатта мектептер әлімжеттікке қатысты арнайы ережелер қабылдап, оқушылардан түскен шағымдарға жауап беруге міндетті. Сонымен қатар елде буллингке тап болғандарға көмек көрсетіп, мәселені шешу жолдарын түсіндіретін «StopBullying.gov» ресми порталы жұмыс істейді. Ал мектептерде балаларға қауіпсіздік пен өзара құрмет туралы сабақтар өткізіледі. Бұған қоса, буллингтің алдын алу үшін заманауи технологиялар да қолданылады. Атап айтқанда, кейбір мектептерде оқушылардың чаттары мен әлеуметтік желілеріндегі қорқыту мен қоқан-лоққы белгілерін анықтайтын цифрлық жүйелер бар. Бұл мәселені дер кезінде байқап, қажетті шара қолдануға мүмкіндік береді. Дегенмен мамандардың айтуынша, дәстүрлі буллингпен қатар, интернеттегі әлімжеттік мәселесі де өзекті болып отыр. Сондықтан АҚШ-та балаларды виртуалды ортада қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді.

Әлем елдері жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қоя бастады. Бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып Австралия қолға алды. Елде 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым салынды. Тиісті заңды парламент 2024 жылғы қарашада қабылдады. Ал шектеу 2025 жылғы желтоқсанда күшіне енді. Заң бойынша әлеуметтік желі платформалары жасөспірімдердің аккаунттарын бұғаттауға міндетті. Талапты орындамаған әлеуметтік желі компанияларына 50 млн долларға дейін айыппұл салынады. Бұл шаралардың барлығы балаларды зиянды контенттен, кибербуллингтен және интернеттегі қысымнан қорғауға бағытталған. Осындай шектеулерді басқа елдер де енгізіп жатыр. Қазір Малайзия, Индонезия, Грекия мен Франция сияқты бірқатар «Кәрі құрлық» елдерінде де ұқсас шаралар қолға алынған.

Жапонияда буллингпен күресудің ерекше тәсілдері де қолданылады. Мәселен, әлімжеттікке ұшыраған оқушыларға үйден шықпай-ақ сабаққа қатысуға мүмкіндік беретін қашықтан басқарылатын робот-аватарлар бар. Олардың көмегімен балалар планшет арқылы мұғалімдермен байланысып, оқуын жалғастыра алады. Ал кейбір мектептерде жыл сайын сынып құрамы өзгертіліп, оқушылардың отыратын орындары ауыстырылып тұрады. Бұл балалар арасындағы қалыптасқан топтардың бөлінуіне және бір оқушының үнемі әлімжеттік құрбанына айналуының алдын алуға бағытталған. 2013 жылы Жапонияда буллингке қарсы арнайы заң қабылданып, мектептерге әлімжеттіктің әрбір жағдайы туралы хабарлау міндеттелді. Соның нәтижесінде тіркелген оқиғалар саны артты. Сонымен қатар мектептерде әлімжеттіктің алдын алу үшін мұғалімдер мен ата-аналардан құралған арнайы комитеттер жұмыс істейді. Оқушыларға жанашырлық таныту мен өзара құрмет көрсетуге үйрететін сабақтар да өткізіледі. Бұған қоса, Жапонияның Білім министрлігі интернеттегі буллингті анықтау және оның алдын алу шараларын күшейтіп келеді.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: