Тайваньда дүлей дауыл соқты
Тайваньда дүлей дауылдан бір адам опат болып, тағы 527-сі жараланды. «Чампи» тайфуны құрлыққа жетпегенімен, қатты жел мен нөсер жаңбыр жағалаудағы аудандарға елеулі зиян келтірді.
Екпінді жел ағаштарды қиратып, электр желілерін қиып кеткен. Табиғи апат салдарынан 280 мыңға жуық үй жарықсыз қалды. Жергілікті мектептер мен мемлекеттік мекемелердің жұмысы тоқтатылды. Тайвань билігі кейінгі екі күнде мыңнан астам әуе рейсін тоқтатқан. Болжам бойынша, алдағы күндері тайфун Қытай жағалауын бойлай солтүстікке, Жапонияға қарай жылжиды.