Гуанчжоудағы Кантон Фэйр көрмесінде ЖИ қондырғысы сал адамды қайта жүргізді
Роботталған технологиялар әп-сәтте сал адамды аяққа тұрғызды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар ұзын-сонар кезекке тұрып, емін Гуанчжоудағы жәрмеңкеден табуға ниетті, деп хабарлайды 24KZ.
Қытайдың оңтүстігіндегі бұл ірі қалада Кантон Фэйр атты көрме кезекті рет есігін айқара ашты. Биылғы жәрмеңкенің басты тақырыбы – Жасанды интеллектіге негізделген тауарлар. Әдеттегі тұрмыстық техника мен гаджеттерден бөлек, медициналық тауарлар нағыз ғылыми жаңалық ретінде қабылданды.
Макс Янг есімді бұл жігіт Кантон көрмесіне осымен үшінші рет келді. Инсульттан кейін төсек тартып қалған анасы Сюзанна Эллиотты осы жолы өзімен ертіп әкелді. Жәрмеңкеде роботталған қондырғының арқасында аяққа тұрып, тіпті демеумен жүріп кетті.
Макс Янг, сатып алушы:
– Былтыр анамның жағдайы күрт нашарлады. Денесінің сол жағы мүлдем сал болып қалды. Бір жыл бойы төсектен тұра алмады. Бүгін осы қондырғыны кигізіп көріп едік, анам қайта жүрді. Көз жасыма ерік бердім. Бірден осы тауарды сатып алдық.
Кантон Фэйр көрмесі Қытайдың экспортқа шығаратын тауарларының жарнамасы ретінде кеңінен танымал. Бұл жерде жергілікті қытайлық кәсіпкерлер мен шетелдік тауар таратушылар келісім-шарттар жасасып жатады. Жергілікті өнертапқыштар осы жолы тауарларын таныстырып үлгермей жатқандарын айтуда. Себебі қызыққан жұрт бірден сатып аламыз деп қолқалайтын көрінеді. Шетелдік сарапшылар да таңданыстарын жасыра алмады.
Йехуда Кляйн, канадалық кәсіпкер:
– Қазір өндірістің өзін үлкен концерндер толығымен роботтарға жүктеп жатыр. Енді оған жасанды интеллект те қосылуда. Бұл ірі компанияларға шығынды үнемдеп, пайданы асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде инновациялардың барлығы Қытайда басталып жатқаны жасырын емес.
Айта кетейік, Кантон Фэйр жәрмеңкесі жылына екі рет өткізіледі. Биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Көрме қараша айының басына дейін жалғасады. Дегенмен қазірдің өзінде жасанды интеллектіге негізделген 235 мың тауар түрі таныстырылып үлгерді.
Авторы: Еркелді Тілеуқұл