Филиппинде 4 ғасырлық тарихы бар кеме Манила музейінің төріне қойылды

Бұл – XVII ғасырдағы әйгілі испаниялық галеондардың көшірмесі. Ашық мұхитта толқындармен алысқан алып кеме сол заманда Америка мен Азия арасына қатынайтын, деп хабарлайды 24KZ.

Биіктігі – 30, ал ұзындығы – 40 метр. Бұл 17 ғасырда құрастырылған «Эспириту-Санто» кемесінің дәлме-дәл көшірмесі. Теңізшілердің айлап мұхитта қалай өмір сүргенін суреттейтін шынайы көріністер ерекше әсер етеді. Музейге келушілер кемені аралап, қару-жарақ пен жүк сақтайтын қоймаларды да тамашалай алады.

Морис Круз, музей қонағы:

– Мені кеменің үлкендігі таң қалдырды. Бүкіл кеңістікті алып тұр. Жұлдыздар мен теңіз бейнеленген көрініс бейнебір сол заманға түскендей әсер қалдырды. Көшірме деуге келмейді. Түпнұсқаның өзі секілді.

«Эспириту-Сантоның» түпнұсқасы 1600 жылдардың басында Манила қаласында құрастырылған. Кеме Филиппин астанасы мен Мексиканың Акапулько қаласын жалғаған әйгілі сауда жолының бойымен қатынады. Азиядан Қытай жібегі, фарфор, дәмдеуіштер секілді бағалы тауарлар тасымалданса, ал Америкадан күміс жеткізіліп тұрған. Өйткені бұл негізгі төлем құралы болатын.

Энцо Новенарио, Галеон музейінің кураторы:

– Біз тек жәдігерлермен шектелгеніміз жоқ. Сондай-ақ интерактивті көрме ұйымдастырып, тарихты қайта жаңғыртуды мақсат еттік. Музейдің басты экспонаты – Филиппинде құрастырылған осы галеонның көшірмесі, әрине.

Орта ғасырда желкенді кемелер құрлықтарды жалғап қана қоймай, әлемдік сауданың дамуына ықпал етті. «Сол дәуір жас ұрпақтың есінен ұмытылмауы керек», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: