Үш әмірлікте теңіз суы лайланды

Біріккен Араб Әмірліктерінің теңіз жағалауы мұнайдан тазартылып жатыр. Елдің солтүстігінде бірнеше жағажай жабық. Ғарыштан түсірілген суреттерге қарағанда, 160 шаршы шақырым аумақты қара лай басқан.

Бүлінген су Шарджа және Рас Әл-Хаймадан асып, Умм Әл-Кувейнге жетті. Әмірлік тарапы жағдайға Иран жауапты деп топшылайды. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб жеріндегі туристік маусымнан тағы сән кетті. Бұл жолы теңіз суы ластанды. Әмірлік жағалауына жақын аумақта шикізат тасыған кемеге снаряд тиіп, бір бүйірін тесіп өткен. Артынша мыңдаған тонна мұнай ашық теңізге төгілді. Ғарыштан түсірілген суреттер 160 шаршы шақырым аумақтың бүлінгенін растады. Бұл – бірер күн бұрынғы мәлімет. Содан бері зарар мөлшері ұлғаюы әбден мүмкін. Ал қара алтын тасыған танкердің қай елдікі екені белгісіз. Әмірлік сарапшылары: «Шабуылға Иран ислам сақшылар корпусы жауапты» дейді. Ресми Тегеран бұған қатысты әзірге түсініктеме

берген жоқ.

Хабиб Әл-Мулла Заңгер, халықаралық құқық

саласы бойынша маман:

- Егер шабуылға Иранның қатысы бар болып шықса, халықаралық құқық талаптары бойынша Парсы мемлекеті белгілі бір деңгейде жауапкершілікті сезінуге тиіс. Тіпті бұл істі Иранға бағынышты қарулы топтар жасаса да тікелей Тегеранға шүйлігуге құқылымыз. Әмірліктер болып жағалауға келген залал үшін өтемақы талап етуге болады. Оның ішінде шығындарды түгел есептеу керек. Зарар ошағын оқшаулау, теңізді тазарту, экологиялық ортаны қалпына келтіру және басқа да жұмыстар біздің есептен атқарылып жатыр.

Бірқатар әмірлікте суға шомылуға рұқсат жоқ. Бар тапқан-

таянғанын алып, тынығуға келгендер жағажайға жақындай алмай жүр. Сол себепті қонақүйлерде сапырылысып, құр босқа жүрген жұрт көп. Теңізге түсуге көбінің жүрегі дауаламайды. Ал жауапты органдар арнайы құрал- жабдықпен жағалауды тазартуды бастап кетті. Қосымша мәліметті алдағы күндері жария етпек. Белгілісі Ормуз бұғазында қауіп қайта күшейді. Кейінгі айда теңіз минасына тап болғандар бар. Жауласқан тараптарды халықаралық кеме қатынасының тежелуі еш алаңдатпайтын тәрізді. Осының әсерінен тұтас өңірде сауда-саттық баяулап, қарапайым жұртты инфляция қинай бастады. Тасымал шығыны мен азық-түлік былтырға қарағанда едәуір қымбат.

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: