Табиғи апаттар егін түсімін төмендетті
Кейінгі айда астық тапшылығына қатысты алаңдаушылық айтарлықтай бәсеңдеді. Бұған дейін Эль-Ниньо табиғи құбылысының салдарынан егін түсімі күрт төмендеуі мүмкін деген болжам айтылған еді, деп хабарлайды 24KZ.
Дегенмен кей өңірлерде жауын-шашын мол түссе, енді бірінде құрғақшылық болып жатыр.
Әлем елдерін әбігерге салып жүрген табиғи апаттарға көбіне Эль-Ниньо себеп. Климаттық құбылыс салдарынан күн қатты ысып, құрғақшылық белең алуы да, жаңбыр селдетіп, елді-мекендердің лезде су астында қалуы да ықтимал. Мұндай күрт өзгерістер астық түсіміне де тікелей әсер етеді. Мәселен, Батыс Еуропада наурыз айынан бері жауын-шашын тапшылығы байқалып, күздік дақылдарға қатысты алаңдаушылық артқан еді. Кейін қазан айының соңында соққан алапат дауылдар мен түскен мол жауын-шашынның арқасында топырақтағы ылғал қайта қалпына келді. Сәйкесінше, сарапшылардың кейінгі болжамы әзірге оң болып отыр. Бұл әсіресе Германия, Франция, Ұлыбритания және Польшаға қатысты.
Максвелл Сибхенсана, ФАО-ның Төтенше жағдайлар және тұрақтылық жөніндегі басқарма директорының орынбасары:
- Жаңбыр ұзақ уақыт төпелеп жауғанның кері жағы да бар. Алапат тасқындар салдарынан егінге, малға, жайылым алқаптарына зиян келеді. Яғни нарыққа жеткізілетін өнім не азаяды, не мүлдем тапшы болады. Бұл – өткір азық-түлік тапшылығына әкеліп соғуы мүмкін. Десе де, Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы 2026-шы жылы астық өнімі 3 млрд тонна болады деп болжап отыр.
Биыл Үндістанда керісінше, жауын-шашын аз түсіп, Эль-Ниньо құбылысы күшейді. Маусымнан қыркүйекке дейін созылған муссон кезеңінде түскен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 13 пайызға аз болды. Салдарынан топырақтағы ылғал қоры төмендеп, қоймалар мен каналдардағы су деңгейі азайды. Бұл бидай егу науқанының кешеуілдеуіне әкелді. Үндістанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, әзірге 11 мың гектар жерге ғана бидай егілген. Ал былтыр осы кезеңде егіс көлемі екі есе көп болған. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Суданда 19 жарым млн-ға жуық адам ас-судан тарығып отыр. Бұл елдегі бес тұрғынның екеуі ашқұрсақ деген сөз. Жағдайға қуаңшылық пен Эль-Ниньо құбылысы да әсер етіп отыр. «Жергілікті шаруалар суармалы жердің төрттен үші жарамсыз», – дейді.
Кеннеди Игбокуэ, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Судандағы өкілі:
- Соғысқа Эль-Ниньоның салдары қосылып, жығылғанға жұдырық болды. Астық өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға жуық азайды. Суару мәселесі де өткір тұр. Қазір суармалы жердің 75 пайызы пайдаланылмайды.
Осы ретте БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы топырақ картасын жасауға арналған SoilFER жобасын іске қосты. Қазір мамандар Африка мен Латын Америкасының жеті елінде топырақтың 40 мың үлгісін зерттеп жатыр. Жобаның мақсаты – үкіметтер мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға көмектесу.
Пабло Руис, ФАО-ның Гватемаладағы топырақ жөніндегі маманы:
- Бүгінде барлық топыраққа бірдей тыңайтқыш қолдану тиімді емес. Оның үстіне бұл мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін. Жаңа жоба аясында тыңайтқыштарды сауатты таңдау өнімділікті арттырып, құнарлы әрі қоректік құндылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.
Климаттық өзгеріс жаһандық азық-түлік нарығына да кері әсерін тигізіп жатыр. Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы қайта қымбаттап барады. Қыркүйек айында оның деңгейін көрсететін ФАО-ның индексі 1,5 пайызға өсті. Ал жылдық есепте бұл көрсеткіш 6 пайызға жуықтады. Негізінен өсімдік тектес дәнді дақылдар, майлар мен қанттың бағасы шарықтап кеткен. Мамандардың айтуынша, бұған басты себеп халықаралық сауда тасымалы жолдарындағы кедергілер, Солтүстік Америкадағы егінге төнген қауіп пен Бразилия экспортының қысқаруы.
Максимо Тореро, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі:
- Табиғат апаттарынан бөлек, Ормуз бұғазы мен Қара теңіздегі кеме қатынасының тежелуі де энергия көзі мен азық-түлік бағасының өсуіне және тасымал құнының қымбаттауына әкеліп отыр. Ахуал өзгермесе көп ұзамай азық-түліктің тұтынушылық бағасына айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе импортқа тәуелді елдерге қиын болады.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамынша, Эль-Ниньо құбылысы 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басында шарықтау шегіне жетеді. «Мамандар климаттық құбылыстың ауа райы мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне әсері одан кейін де ұзақ уақыт сақталуы мүмкін», – дейді.
Авторы: Нұрбике Жігер