Түркі әлемінің өнер жұлдыздары Анкарада бас қосты

Түркі әлемінің өнер жұлдыздары да Анкараға жиылды. Түркия Республикасының күні мен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында думанды концерт өтті. 500-ге жуық өнерпаз, 10 мыңға жуық көрермен жиналған кешке арнайы қонақ ретінде қазақтың мақтанышы Димаш Құдайберген де қатысып, өнер көрсетті. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркі әлемінің өнерпаздары бас қосқан бұл кештің көрермен үшін орны бөлек. Әсіресе қазақтың мақтанышы Димаш Құдайбергенді көруге келген жұрттың қарасы қалың. Өнер иесін асыға күткен жанкүйерлер концертке ерте жиналды. Түркияның Республикасы күні қарсаңында, Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында ұйымдастырылған бұл кеш бауырлас халықтардың мәдени жақындығын айшықтап, түркі жұртының ынтымағын тағы бір мәрте көрсетті.

Концерт түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын дәріптеген музыкалық қойылыммен ашылды. Кешке 500-ден астам өнерпаз қатысып, 10 мыңға жуық көрермен жиналды. Түркия Президенттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен түркі елдерінің танымал әншілері өнер көрсетіп, ұлттық би мен опералық шығармалар да ұсынылды.

Жеми Жан Делиорман, Түркия Президенттік симфониялық оркестрінің бас музыкалық директоры, дирижер:

- Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті мен Республика күні қарсаңында мұндай ауқымды шара ұйымдастыру біз үшін үлкен мәртебе. Түркі елдерінің белді әртістері бас қосып, ортақ бай мұрамызды арқау еткен туындыларды көрерменге ұсындық. Бізді біріктіретін – өнер. Ал басты қонағымыз – әлемге танылған Димаш Құдайберген. Ол тек Қазақстанның ғана емес, тұтас түркі әлемінің мақтанышы.

Иә, Димаш ән салғанда, сахнадағы оркестрмен қоса көрермен де бірге тербелді. Жанкүйерлер қазақ әніне қосылып, сүйікті әншісін зор ықыласпен қарсы алды. Димаштың айтуынша, түркі әлемінің өнерпаздарымен бір сахнада өнер көрсету бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайта түседі.

Димаш Құдайберген, Қазақстанның Халық әртісі, әнші, композитор:

- Менің ойымша, мәдениет, өнер дипломатиядағы таптырмас құралдардың бірегейі деп білемін. Сол себепті әдемі шаралар көбірек болса, ел мен елдің арасындағы ынтымақтастық, бір-біріне деген достық, әдемі сезімдер нығая түседі деген ойдамын. Түрік ағайындармен сахналас болуға өзім ұмтылып тұрамын. Елдің үкілеген аманатын арқалап, әдемі әндерімізді паш еттік қолдан келгенше.

Димаштың өнерін тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлері келді. Ресейлік тыңдарманы Димашқа арнап жазған кітабын таныстырды.

Блиц:

- Кітабымда Димашқа деген сезімімді, талантына деген құрметімді өлеңмен жеткіздім. Димашты жеті жылдан бері танимын, осы уақыт ішінде оған арнап талай өлең жаздым. Кітабымның тұсауы осы жазда кесілді. Қазір ол Мәскеудегі 17 кітапханада ұсынылады.

- Димаш мырзаны жақсы танимын. Концерт өте жақсы өтті, керемет демалыс сыйлады.

- Бүгін түркі әлемі бір сахнада тоғысты десек болады. Солардың әсем әуендерімен құлағымыздың құрышы қанып, әсем әуенге бөлендік.

Сондай-ақ мазмұнды кеште Қазақстанның атынан әйгілі опера әншілері Салтанат Дәулетханова мен Зарина Алтынбаева да өнер көрсетті. Саф дауысты Зарина түрік солисі Мұрат Караханмен бірге бірнеше дуэт орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Зарина Алтынбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі:

- Мен үшін мұндай ауқымды кеште өнер көрсету үлкен мәртебе. Мұндай концерттер бауырлас елдердің басын қосып, ынтымақтастығын нығайта түседі. Бұған дейін Түрксой өнерпаздарымен сахналас болдым. Осымен үшінші мәрте түрік ағайынмен бір сахнада өнер көрсетіп тұрмын.

Музыка арқылы тоғысқан бұл кеш түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын ұлықтап, бауырластық байланыстың бекемдігін көрсетті. Ал бүгін Димаш Құдайберген бастаған танымал өнерпаздар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің көшбасшыларына арнап өнер көрсетеді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: