Еуропа қыстан қалай шығады?

Қылышын сүйреп қыс келеді. Алдағы апта Еуропа мен Шығыс Азияның біраз бөлігінде күн суытады деген хабар бар.

Биыл күн аса суытпаса жақсы, ал қыс аяғы созылып кетсе, қатер көбейгелі тұр. Әсіресе газ, дизель сияқты отын қазірдің өзінде қат болып тұр. Соған орай баға да ұстатпай барады. Бұл айда Еуропада көгілдір отын бағасы 97 еуроға жетті. Оның үстіне қор да сарқылып барады. Резерв шамамен 75%-ға ғана толған. Сондықтан кәрі құрлық үшін бұл қыс сынақ болғалы тұр. 

Синоптиктер осы аптада Франция мен Германияда күн суытады деп болжайды. Демалыс күндерінен бастап континенттік Еуропаның аумағында орташа температура климаттық нормадан 2-3 градусқа төмендейді. Ал Қытайдың солтүстік-шығысында, Жапония және Оңтүстік Кореяның кейбір өңірлерінде бұл көрсеткіш 5 градусқа дейін баруы мүмкін. «Екі құрлықта бір мезгілде күннің күрт салқындауы әлемдік газ нарығы үшін оңай тимейді», - дейді сарапшылар.

Эндрю Педрини, Atmospheric G2 компаниясының метеорологі:

- Қыс мезгілі қарсаңында энергияға сұранысы жоғары бірнеше өңірде ауа температурасының бір мезгілде төмендеуі нарыққа қауіп төндіріп тұр. Қытайдың солтүстігінде қар жаууы мүмкін. Бұл жылуға деген сұранысты арттырып, күн энергиясын өндіру көлемін азайтады. Бұл энергия дағдарысы күшейген шақта әлем елдері үшін алғашқы сынақ болмақ.

Ирандағы соғыс басталғанға дейін, яғни ақпан айында Еуропада табиғи газ құны 32 еуро еді. Қазір 97 еуроға дейін қымбаттады. Тұрмыстық көгілдір отынның бағасы да біршама өскен. Қыркүйек айының басында үй шаруашылықтары үшін газдың орташа бағасы 11,9 еуроцентке жетті. Бұл ақпан айындағы көрсеткіштен 12%-ға жоғары.

Ресей-Украина қақтығысына дейін Еуропа газ импорты бойынша негізінен Ресейге тәуелді болатын. Брюссельдегі талдау орталығының деректеріне сәйкес биыл екінші тоқсанда Ресейдің сұйытылған табиғи газы Еуроодақтың жалпы импортының шамамен бестен бір бөлігін қамтамасыз етті. Бірақ келер жылдың қаңтар айынан бастап Еуроодақ Ресейдің көгілдір отынына толық тыйым салады. IEEFA зерттеу ұйымының бағалауынша, Еуропа Ресей газынан бас тартқан жағдайда, былтырғы қыспен салыстырғанда газ тұтынуды шамамен 7%-ға азайтуға мәжбүр болады.

Александр Новак, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары:

- Бүгінде әлемдік газ саудасының шамамен 15%-ы Ресейге тиесілі. Ресей өз инфрақұрылымын белсенді түрде дамытып, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен ынтымақтастықты нығайтып келеді. Мемлекетіміз жаһандық экономиканың артып келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға дайын екенін атап өткім келеді.

Кәрі құрлық елдеріне газ жеткізетін негізгі экспорттаушылардың тізімінде Қатар да бар. Былтыр Еуропа сұйытылған табиғи газдың шамамен 8%-ын Таяу Шығыс елдерінен сатып алды. Бірақ биыл мамыр айынан бері сауда тоқтады. «Осы себептен Еуропа газ қорын толтырып үлгермеді», - дейді сарапшылар.

Тәмим Бин Хамад Әль Тәни, Қатар әмірі:

- Біздің өңір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бұған, әрине, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс себеп. Бұл жағдай барлығына, соның ішінде көршілес елдерге де кері әсерін тигізуде. Әсіресе Ормуз бұғазындағы дағдарыстың салдарын айқын сезініп жатырмыз.

Еуропада газ қорының сарқылуына бір жағынан жазғы аптап кезінде кондиционерлерге сұраныстың артуы да ықпал етті. Қазір қоймалар 74,6%-ға ғана толған. Ал бұл маусымда олар 90%-ға толуға тиіс еді. Салыстыру үшін былтырғы көрсеткіш 82,9% болса, 2023 жылы 98,5% болған. Wood Mackenzie талдау компаниясының мәліметіне қарағанда, мамыр айының соңына қарай қоймаларда не бары 17-20% көлемінде газ қалады. Сарапшылардың айтуынша, егер қыс қатты болса, қордағы көгілдір отынның көлемі бұдан да аз болуы мүмкін. Демек баға одан әрі шарықтайды.

Дан Йоргенсен, Еуроодақтың энергетика бойынша комиссары:

- Еуропаның көптеген азаматы коммуналдық төлемдерді төлеуде қиналып жатыр. Сондай-ақ жұмысшылар жанармай құю станцияларындағы жоғары бағаларға қарамастан, күн сайын еңбек етуге бар күшін салып жатқанын көрген кезде, қиын жағдайға тап болғанымызды түсінеміз. Сондықтан біз Одақ ретінде бірлесіп әрекет етуіміз қажет. Дегенмен қыста Еуропаны энергиямен қамтамасыз етуге байланысты аса қауіп көріп отырған жоқпыз.

Еуропаның кей аймақтарында тұрғындар үйлерін дизельмен жылытады. Қазір бұл отын да тапшы. Наурыз айында Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше 32 мемлекет стратегиялық қорлардан 426 миллион баррель мұнайды нарыққа шығару туралы келісімге келді. 301 миллионы – мұнай, қалған 125 миллионы – мұнай өнімдері. Оның ішінде дизель де бар. Бүгінде 325 млн баррель мұнай нарыққа шығарылды. Алайда міндеттемелердің бір бөлігі әлі орындалған жоқ. Азия және Тынық мұхиты аймағындағы елдер 10 млн баррель, Солтүстік және Оңтүстік Америка 40 млн баррель, ал Еуропа тағы 46 млн баррель мұнайды нарыққа шығаруға тиіс. Осы тұста Дональд Трамп Еуропаны жедел әрекет етуге шақырды.

Дан Йоргенсен, Еуроодақтың энергетика бойынша комиссары:

- Әрине, біз қазіргі жағдайды жан жақты бағалауымыз керек. Бір жағынан, стратегиялық қорларды нарыққа шығару бағаны тұрақтандыруға көмектесуі мүмкін. Екінші жағынан, бұдан да күрделі мәселелер туындаған кезде пайдалана алатын қорларымыз болуы қажет.

Сарапшылардың айтуынша, Эль-Ниньо салдарынан биыл қыс жұмсақ болады. Бірақ қысқа мерзімде ауа температурасы күрт төмендеп кетуі де мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан мәселенің шешімі ретінде Еуропаның газға тәуелділігін азайтып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды ұсынады. «Ал әлемдік газ нарығындағы сұраныс пен ұсыныс 2028 жылдың күзіне дейін қалпына келе қоймайды», - дейді мамандар. Сондықтан Еуропа Трамп айтты екен деп, қипақтай қойған жоқ әзірге. Өйткені қолдағыны қазір шығарса, ертеңгі шұнақ аязда қайтеді?

Сондай-ақ оқыңыз: