Еуропа ғарыш саласындағы әлеуетін арттырмақ

Дамыған Еуропаңыз да ғарышқа келгенде әлсіз. Бұл салада таза құралақан отырмаса да, ғарышкерлерін ұшырып, Жерге қайтару үшін әлі де шетелдік серіктестерге арқа сүйейді. Оның ішінде әсіресе АҚШ-қа тәуелді. 

Ал ғарыш жүйесін құру үшін Одаққа қомақты инвестиция қажет. Сөйтіп, Кәрі құрлық не себепті енді ғана ойлана бастады? Кейіндеп қалуына не себеп?

Еуропаның өз зымырандары мен дамыған ғарыш өнеркәсібі бар. Алайда адамды ғарышқа ұшыру мәселесінде әлі де шетелдік серіктестерге тәуелді. Әдетте еуропалық ғарышкерлер орбитаға АҚШ аумағынан әрі осы елдің ғарыш кемелерімен аттанады. Мұндай сапардың құны да арзан емес. Ars Technica басылымының мәліметінше, SpaceX -тың Crew Dragon кемесінде бір орынның құны 80 миллион АҚШ доллар тұрады. Қомақты шығыннан бөлек, өзге елдің талабы мен шарттары тағы бар. Яғни ұшу миссиясын жеке жоспарлауға мүмкіндік беретін жүйе жоқ. Сондықтан Еуропалық ғарыш агенттігі экипаждарды тасымалдаудың өз жүйесін құруға ден қойып жатыр.

Йозеф Ашбахер, еуропалық ғарыш агенттігінің бас директоры:

- АҚШ-та ғарыш бағдарламалары мен оларға қатысу шарттары үнемі өзгеріп отырады. Алдағы 5-10 жылда жағдайдың қалай өрбитіні білгісіз. Тіпті ғарышкерлерді АҚШ кемелерімен ұшыра алу мүмкіндігі сақталса да, талаптар мен мүмкіндіктердің шегі қандай болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Коммерциялық компаниялар қызмет құнын да өзгертуі мүмкін. Еуропада дербес ғарыш жүйесінің жекелеген бөліктері болғанмен, тұтас инфрақұрылым қалыптаспаған. Оны құру үшін шамамен он жыл мен 10 миллиард АҚШ доллары қажет.

Одақ өкілдері Еуропаның ғарыш бәйгесінде әлемдегі алпауыт елдерден қалыс қалғанын мойындайды. Себебі әскери шығындардың артуынан бұл салаға бөлетін қаржы едәуір қысқарып қалған. Егер 2025 жылы Еуропа жүк салмағы 22 тоннаға жуық ауыр зымырандарды төрт рет ұшырса, АҚШ айына 15 мәрте ұшырып отырды.

Ал америкалық зымырандар орбитаға салмағы 64 тоннаға дейінгі жүк жеткізуге қауқарлы. Жалпы әлемдегі геосаяси шиеленістердің ушығуы жерсеріктік технологиялардың беделін арттырды. Өйткені ол тек ғылымға ғана емес, қорғаныс, барлау және қауіпсіздік салалары үшін де зор стратегиялық маңызға ие екенін айқын көрсетті.

Урсула Фон Дер Ляйен, еуропалық комиссия басшысы:  

- Еуропалық ғарыш агенттігімен бірлесіп, ғарышқа шығудың жаңа еуропалық тұжырымдамасын әзірлеудеміз. Бұл осы саладағы бәсекеге қабілеттілігімізді сақтап, өзге елдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беруі керек. Ол үшін ауқымды инвестициялар қажет. Алда одақ ұзақ мерзімді бюджетке қорғаныс, қауіпсіздік және ғарыш салаларына 131 миллиард еуро бөлуді көздейді. Бұл қазіргі қаржыландыру көлемінен бес есе көп. Біздің компаниялар Еуропада ғана емес, әлемдік нарықта да бәсекеге түсуде. Сондықтан күш-жігерімізді біріктіріп, әрі қарай дамуға жағдай жасауымыз керек.

Еуропалық ғарыш агенттігіне мүше елдер негізгі шешімдерді 15 желтоқсанда Римде өтетін кездесуде талқыламақ. Күн тәртібінде жерсеріктерін ұшыру және Айды игеру мәселелері бар. Ұйым қай жобаларға қаржы бөліп, қай бағыттар басымдыққа ие болатынын айқындауға ниетті. Қабылданатын шешімдер Еуроодақтың әлемдік ғарыш нарығындағы позициясын нығайтуға көмектеседі деген сенімде.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: