Әлем банктерінің әлеуметтік жауапкершілігі

Бұған дейін банктер экологиялық жобаларға арналған «жасыл облигацияларды» көптеп шығарса, қазір әлеуметтік облигациялар нарығы қарқынды дамып келеді. Яғни банктер халықаралық нарықтардан арнайы капитал тартып, оны тек әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттайды.

Дүниежүзілік банктің ресми есептері бойынша әлемдік нарықтағы жасыл және әлеуметтік облигациялардың жалпы көлемі 7 триллион 250 миллиард долларға жетті. Бұл бағытқа қолжетімді тұрғын үй құрылысы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, шағын және орта бизнесті несиелеу, денсаулық сақтау және білім беру инфрақұрылымын дамыту жатады. Ал халықаралық Kearney зерттеуіне сәйкес, Еуропадағы банк клиенттерінің 44 пайызы өздеріне қаржылық серіктес таңдағанда банктің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігіне бірінші кезекте мән береді. Ұлыбритания мен Германияда әрбір 5-ші клиент, яғни 20 пайызы өз банкі әлеуметтік жауапкершіліктен бас тартқан жағдайда, басқа банкке ауысып кетуге дайын. 

Джессика Алсфорд, Morgan Stanley банкінің бас тұрақты даму директоры:  

- Біз қаржы жүйесінің трансформациялану кезеңінде тұрмыз. Әлеуметтік облигациялар нарығының қарқынды өсуі банктердің рөлін өзгертті: енді біз тек несие беруші емес, әлеуметтік прогрестің катализаторымыз. Капиталдың тиімділігі енді тек пайыздармен емес, жаңадан ашылған жұмыс орындарымен және салынған әлеуметтік нысандармен өлшенеді.

Бұл жүйеде банктер корпоративтік клиенттерге несие бергенде оның пайыздық мөлшерлемесін компанияның әлеуметтік міндеттемелерді орындауымен тікелей байланыстырады. Егер ірі компания жұмыс орнындағы жарақаттану деңгейін төмендетсе, басқарушы құрамдағы әйелдер үлесін арттырса немесе жұмысшылардың жалақысын өсірсе, банк несие пайызын төмендетеді. Егер бұл әлеуметтік көрсеткіштер орындалмаса, пайыз өседі. S&P Global Ratings мәліметінше, егер қарыз алушы компания жұмысшылардың қауіпсіздігі, лайықты жалақы сияқты әлеуметтік міндеттемелерді орындамаса, банктер олардың несие пайызын автоматты түрде өсіретін жүйе енгізген. Бұл өз кезегінде компанияның несиелік рейтингінің төмендеуіне әсер етеді.

Валери Смит, Citigroup халықаралық банкінің бас тұрақты даму директоры:  

- Әлеуметтік және тұрақты даму облигациялары жай ғана тренд немесе қайырымдылық құралы емес. Бұл – нарықтағы теңсіздікті жоюдың және капиталды қоғамның ең осал тұстарына бағыттаудың ең тиімді экономикалық тетік. Қазіргі инвесторлар тек қаржылық табысты ғана емес, өз ақшасының қоғамға тигізетін нақты әлеуметтік әсерін ойлауы керек.

Қазір миллениал инвесторлардың 41 пайызыы капиталды орналастырмас бұрын банктің әлеуметтік саясатын жіті тексереді. Бұл көрсеткіш аға буында 16 пайыздан аспайды.

Брайан Мойнихан, Bank of America бас атқарушы директоры:

- Банктердің әлеуметтік жауапкершілігі – бұл бизнестен бөлек жүретін дүние емес, бұл – бизнестің өзі. Егер біз қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге қатыспасақ, ұзақ мерзімді тұрақты экономика құра алмаймыз. Сондықтан әлеуметтік және жасыл қаржыландыру біздің жаһандық стратегиямыздың өзегіне айналды.

Дамушы елдерде ғана емес, дамыған мемлекеттердің өзінде банктер әлеуметтік әлжуаз топтарды қаржылық жүйеге тартуды басты әлеуметтік жауапкершілік деп есептейді. Еуропалық ірі банктер босқындар мен мигранттардың құжаттандыруын жеңілдетіп, олардың заңды жұмысқа орналасуы мен шот ашуына көмектесетін арнайы жеңілдетілген цифрлық өнімдер шығарды. Банктер толық цифрландыруға көшкендіктен, егде жастағы адамдардың оқшауланып қалмауы үшін арнайы цифрлық сауаттылық бағдарламаларын жүргізеді және ұялы қосымшаларына үлкен қаріптер, дауыстық көмекшілер орнатып, егде адамдардың қажеттілігіне сай бейімдейді. Жасанды интеллект де – басты назарда

Никхил Ратхи, Ұлыбританияның Қаржылық реттеу басқармасының бас атқарушы директоры:

- Жасанды интеллект банк секторына орасан зор тиімділік әкелгенімен, оның әлеуметтік қауіптері де жоғары. Алгоритмдердің артында жауапкершілік тұруға тиіс. Егер банк жүйесіндегі жасанды интеллект адамды жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік жағдайына қарап кемсітуге жол берсе немесе несие беруден негізсіз бас тартса, оған робот емес, банктің басшылығы заң алдында тікелей жауап береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2019 жылдың 22 қыркүйегінде Жауапты банк қағидаттары атты құжат қабылдады. Оны әлемнің жетекші 30 банкі бірлесіп дайындаған. Қазір бұл жүйеге қосылған банктер саны 350-ден асады. Олар адам құқықтары, әлеуметтік инклюзия және әділетті экономика құру бойынша міндеттеме алған. 

Авторы: Ернат Рахметолла

Сондай-ақ оқыңыз: