АҚШ Иранға соққы жасай ма?
АҚШ ертеңгі аралық сайлаудан кейін Иранға шабуыл жасауы мүмкін. Бірер күн бұрын Дональд Трамп Парсы шығанағындағы одақтастарын Иранға қарсы «қысқа әрі қарқынды» әскери қимылдарға дайын болуға шақырған еді. Израильмен байланыста екенін айтқан.
Иран да АҚШ-тың қандай нысандарына соққы жасайтынын есептеп, кесіп-пішіп әзір отыр. Бұған Иран Ислам Республикасының рухани көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің өзі тапсырма берді. Ал осы уақытта, яғни үш күннен бері Қатарда араағайын елдер соғысты тоқтатуға шақырып, жиын өткізіп жатыр. Мұндағы басты мәселе – Ормуз бұғазын ашу. Өйткені Ормуз мұнай нарығына үлкен қауіп төндіріп тұр.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы жаңа соққыларға дайындалып жатыр. Бірер күн бұрын The Wall Street Journal басылымының беттерінде осындай мақала жарияланды. Ақпарға қарағанда АҚШ Иранның энергетикалық инфрақұрылымын, ядролық нысандары, зымырандар және ұшқышсыз басқарылатын қару-жарақтарын түгел жойып жіберуді көздеп отыр. Бірақ АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Дональд Трамп әзірге Иранға қарсы жаңа соққы жасау туралы шешім қабылдамаған. Ақ үй басшысы мәселені дипломатиялық жолмен шешкісі келеді. Осы мақсатпен вице-президент Джей Ди Вэнс Иран Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Мохсен Резаиге хат жолдады. Бірақ Тегаран әзірге жауап берген жоқ.
Мохсен Резаи, Иран қауіпсіздік кеңесінің басшысы:
- Мен хатты оқып шықтым. Бірақ әзірге жауап қатқаным жоқ. Хаттың мазмұны өзгерген. Бұл – АҚШ пен Иранның ресми тұлғалары арасында алмасқан екінші хат. Әрі Иран халқының жеңісі мен күш-қуаты нығайғанын көрсететін өте жақсы белгі деп білемін. Бірақ олар хатқа қатысты әзірге ештеңе айтпағандықтан, мен де әзірге ешқандай пікір білдірмеймін.
Қақтығыстың ушығуына тағы да Иранның ядролық бағдарламасы түрткі болуы мүмкін. Тегеран осы уақытқа дейін ядролық қару жасауға қарсы екенін мәлімдеп келген. Алайда АҚШ пен Израильдің ядролық нысандарға жасаған шабуылдарынан кейін Иранда бұл саясатты қайта қарау қажеттігі туралы пікірлер жиі айтылып жүр. Иран Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Мохсен Резаи де ел басшылығы бұл мәселені талқылап жатқанын растады. Бірақ әзірге ядролық қару жасауға қатысты тыйымды алып тастау жөнінде ресми шешім қабылданған жоқ.
Мохсен Резаи, Иран қауіпсіздік кеңесінің басшысы:
- Үкімет пен ел басшылығы ядролық доктринаға қатысты әзірге жаңа шешім қабылдаған жоқ. Әрине, жаңа соғыс басталған жағдайда бұрынғы доктринаны сақтаймыз ба деген мәселе де талқыланып жатыр. Бірақ Иран халқының өз талаптары бар және олар нақты әрі қисынды түсініктеме күтеді. Өйткені халық жаудың біздің барлық ядролық нысандарымызға шабуыл жасағанын көріп отыр. Олар мұны не үшін жасады? Біз Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің барлық инспекцияларын өткізуге келісім беріп, олардың жұмысын жүргізуге көмектестік.
Тегеран мен Вашингтон қайта соғыс бастай ма жоқ па белгісіз. Бірақ бұл жолы Иранның соғысқа қаншалықты әзір екенін Иран Ислам Республикасының рухани көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің өзі пысықтады. Ол жоғары әскери қолбасшылармен кездесіп, кез келген шабуылға «орын талғамайтындай» тойтарыс беруді тапсырды. Бұл Хаменеидің жоғары әскери қолбасшылықпен өткізген алғашқы ресми кездесуі. Ол әкесі Аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін наурыз айында билікке келген еді. Содан бері көпшілік алдына шықпаған.
Бұл жолы нысанаға алынатын объектілер тізімін жаңартуды да талап етті. Осыған дейін Иран Ормуз бұғазындағы суасты кабельдерін қиып тастайтынын ескерткен еді.
АҚШ аралық сайлаумен әлек болып жатыр ма әлде Иранға қарсы соғыста сақтық танытып отыр ма? Бұл жағы әзірге бұлыңғыр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамптың әскери қимылдарға қатысты шешім қабылдамағанын алға тартқанымен, Иранға қатысты ұстанымын жасырмады.
Марко Рубио, АҚШ мемлекеттік хатшысы:
- Қайда қарасаңыз да, Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отырған Иранның ықпалындағы күштерін көресіз. Бұл – олардың ядролық қаруға ие болуға ұмтылатынын айтпағанның өзінде, біз қарсы тұруға тиіс негізгі қауіп. Егер олардың қолында жаппай қырып-жоятын қару болса, өзгелерге не істейтінін елестетудің өзі қиын. Президент Трамп Ақ үйде отырған кезде бұған ешқашан жол берілмейді.
АҚШ-тағы аралық сайлау да осы текетірестің маңызды саяси факторына айналды. Reuters агенттігінің сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың 60 пайызы Трамптың Иранға қатысты саясатын құптамайды. Иранмен сегіз айға созылған соғыс АҚШ бюджетіне шамамен 47,1 миллиард доллар шығын әкелген. Соғыс салдарынан энергия бағасының өсуі, әскери шығындар мен америкалықтардың қауіпсіздігі мәселесі Ақ үйге ішкі саяси қысым түсіруі мүмкін.
Трамп соғыстың түпкі мақсатына қатысты нақты ұстаным білдірмей келеді. Ол бірде: «Жаңа соққылар жасаймын деп қоқан-лоқы көрсетсе, енді бірде дипломатиялық келіссөздерге дайынмын» дейді. Иран болса, бұрынғыдан да көп нысанаға соққы беріп, қару-жарақтың мол қорына ие болғанын мәлімдейді. Өзінің әскери әлеуетін көрсетуге тырысады. Қатар, Пәкістанның араласуымен келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Алайда тараптардың бірі өздері белгілеген «қызыл сызықтардан» бас тартпайынша, ортақ мәміле болуы екіталай.