Ауғанстан көкнәр өндірісін арттырды

Биыл Ауғанстанда көкнәр өндірісі 4 есе көбейді.

БҰҰ-ның дерегі бойынша бұған жоқшылық себеп. Бидай мен мақта өсіруге көшкен шаруалардың табысы мардымсыз. Тіпті балаларымыз аштықтан әлсіреп, ауруханаға түсіп жатыр, дейді диқандар. Сондықтан жан бағу үшін шаруалар апиын өндірісін қайта қолға алған. Ал бұл халықаралық есірткі саудасына қалай әсер етеді? 

28 жастағы Мұхаммад Дауд күнкөрістің қамымен таңның атысы кештің батысы мақта алқабында еңбек етеді. Бірақ табысы отбасын асырауға жетпейді. Бұрын көкнәрдан күніне ақшалай 5-6 мың ауғани тапса, қазір бір жылғы кірісінің өзі 3 жарым мың ауғаниге жетер-жетпес.

Мұхаммад Дауд, шаруа:

- Балам жылай берген соң емханаға апардым. Ұлым тойып тамақ ішпей, ағзасы әлсіреп кеткен. Дәрігер құнарлы тамақ беру керек деді. Бірақ мұны сатып алуға қаржы керек. Құр егін егіп, жан бағу қиын. 

Биыл Ауғанстанда мақта 65 пайызға арзандады. Өйткені негізгі тұтынушысы Пәкістанмен шекара жабық. Салдарынан іште ұсыныс көбейіп, оны өткізетін нарық табу мәселеге айналды. Бірлі-жарым мемлекет болмаса, көбі сауда жасауға бейіл емес. Басқа дақылдарды өсірудің бейнетімен қатар тәуекелі де жоғары. Мәселен, жаз бойы баптаған егіннің суы болмаса, өнім бермеуі мүмкін.

Гүл Назар, шаруа:

- Көкнәр өсіру мақтамен салыстырғанда әлдеқайда оңай әрі арзан. Бұған көп жұмыс күші де, су да қажет емес. Көкнәрді бір рет суарсаң жеткілікті. Қыста арамшөбін тазалап қоямыз. Одан кейін көп күтімді қажет етпейді. Ал мақтаға көп су керек.

Ауған шаруалары кейінгі жылдары құрғақшылықтан көз ашпай келеді. Осының салдарынан егінге қажетті су жоқ. Сондықтан БҰҰ диқандарға басқа кәсіппен айналысуы үшін қолдау көрсету қажет екенін айтады.

Поллиак Ок Сереи, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Ауғанстандағы өкілі:

- Халықаралық тәжірибеге қарасақ, апиын көкнәрін жоюға кіріспес бұрын балама табыс көздерін қалыптастыру қажет. Мәселен, Таиландта ауыл шаруашылығын дамытып, халықты басқа кәсіпке бейімдеу мерзімі 15 жылға созылды. Тек содан кейін көкнәр алқаптарын жою бағдарламасы басталды. Ал Ауғанстанда бұл саясат керісінше жүргізіліп жатыр.

Бұрын Ауғанстан апиынның 80 пайызын өндіретін. Тәліптер билікке келе сала бұған тыйым салды. 4 жылда ауған даласынан көкнәр алқаптары толықтай дерлік жоғалды деуге болады. Алайда БҰҰ-ның биылғы дерегі бойынша мұның көлемі 43 мың 300 гектарға дейін ұлғайған. Бірақ Кабул билігі нақты көрсеткіш екі есе аз деп, ұйымның есебімен келіспей отыр.  

Амри Хан Муттақи, "Талибан" қозғалысының сыртқы істер министрі:

- Есірткіге қарсы күрес Ауғанстан Ислам Әмірлігінің маңызды міндетінің бірі. Жоғарғы басшының жарлығына сай есірткіні өсіруге, өндіруге, тасымалдауға, өңдеуге және қолдануға тыйым салынған. Біз бұл күресті әрі қарай жалғастырамыз.

БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының зерттеуіне қарағанда 3 провинцияда тұратын 5 отбасының төртеуі табысынан айырылған. Ал мұның зардабын кішкентайлар тартып отыр. Қазір 34 провинцияның 10-ында балалар тойып тамақ ішпейді. Егер жағдай өзгермесе, келер жылы мұндай аймақтардың саны 14-ке жетеді. Халықаралық қауымдастық халықтың тұрмысы түзелмесе, шаруалар көкнәр өсіруге қайта оралуы мүмкін екенін ескертеді. Ал бұл есірткі саудасына тосқауыл қоюды қиындататыны анық. 

Авторы Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: