Әлемде баламалы энергияға сұраныс артты

Әлемде энергетикалық дағдарыс ушығып барады. Енді әр мемлекет жедел баламалы энергия көздерін дамытуға ұмтылып жатыр. Ешқайсы ақша аяп жатқан жоқ. 

Әу баста баламалы энергия – экологиялық проблемаларды шешуді көздейтін. Енді энергетикалық қауіпсіздікке айналды. Өйткені қазір отынды өндіру емес, жеткізу қиын. Сондықтан мұнай, газ, жанармай басқа да энергия көздерін өзгеден сатып алып келген елдер енді шынымен қысыла бастады.

Сөйтіп елдің алды баламалы энергия өндіруді жеделдетуге кірісті. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегіне сүйенсек, алдағы бес жылда әлемдегі электр энергиясының тең жартысы күн мен желден алынатын болады.

25 жастағы Ли Юнлинь бір отар қойын қайда жаям деп енді бас қатырмайды. Жайлаудың орнын күн электр станциясы алмастырды. Қытайдың Цинхай  провинциясы Талатан атты шөлді аймақта орналасқан. 2012 жылы күн батареялары орнатылғанға дейін бұл жердің топырағы әбден құрғап, тозған еді. Қазір климаты өзгерген, дымқыл пайда болған. Шөбі де шүйгін. Аң-құс та жетіп артылады. Мұнда миллиондаған күн панельдері тұр. Мамыр айынан қарашаға дейін жергілікті бақташылар малдарын осында айдап әкеледі. Қазір 20 мыңдай қой жайылып жүр. Бұл энергетикалық компанияға да тиімді. Өйткені бұрын аумақты шөптен тазарту үшін жыл сайын шамамен 200 мың доллар жұмсайтын. Енді компания ақшасын үнемдегенге мәз, бақташы да дән риза. Мұндай шаралар әлемнің біраз елінде қолданылады және экологиялық әрі экономикалық тиімділігін дәлелдеген.

Ли Юнлинь, бақташы:

- Бұрын өзіміздің жайлаудағы шөп нашар еді. Күн паркінің аумағына көшкелі жағдайымыз жақсарды. Енді қайта-қайта бір өрістен екінші өріске көшіп, әлек болмаймыз. Малға қосымша жем алудың да қажеті жоқ. Осыған байланысты табысымыз да артты.

Бүгінде Талатан – күн электр станциясы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Аумағы 600 шаршы шақырымнан асады. Мұнда өндірілетін электр энергиясы Бейжің, Шанхай сияқты ірі қалаларды қамтиды. Жалпы Қытай – жаңартылатын энергия қуаттарының жаһандық өсімін қамтамасыз ететін негізгі мемлекет. Қыркүйек айының соңына қарай Қытайдағы жел және күн электр станцияларының қуаты жаңа рекордтық көрсеткішке, яғни, 2 миллиард киловаттқа жетті.

Ян Кун, Қытай Электр энергетикасы кеңесі төрағасының орынбасары:

- Жел және күн энергетикасының жалпы қуатының 2 миллиард киловатттық межеден асуы еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінің маңызын одан әрі арттырады. Бұл жаңа энергетикалық жүйені қалыптастыруда ілгерілеп келе жатқанымыздың белгісі.

Энергетикалық дағдарыс күшейген шақта өзге мемлекеттер де қарап отырған жоқ. Қазір әлем баламалы энергия көздерін дамытуды жеделдету қажеттігін түсінгендей. Халықаралық энергетикалық агенттіктің жаңа есебіне сәйкес, дамушы елдердегі жаңартылатын энергия қуаттарының өсімі алғаш рет дамыған елдердегі көрсеткіштермен теңеседі. Қытайдың жаңартылатын энергия нарығының өсіміндегі үлесі былтыр 60% болған. Енді 53% дейін төмендейді. Өйткені бұл нарыққа ортақтасып жатқандар көп. Қазір Үндістан көрсеткіш бойынша екінші орынға шықты. Өсім сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияда, Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада және Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде де байқалады.

Фатих Бироль, Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры:

- Жаңартылатын энергия көздерінің даму тарихындағы жаңа кезең шын мәнінде жаһандық сипатқа ие болып жатыр. Өйткені оларды енгізу негізгі нарықтардың шекарасынан шығып, әлемнің түкпір-түкпіріне таралуда. Бүгінде жаңартылатын энергия көздері әлемдік электр энергиясы өндірісінің үштен бірін қамтамасыз етеді. Алдағы бес жылда олардың үлесі жалпы электр энергиясы өндірісінің жартысына жуықтайды.

Былтыр әлем бойынша электр энергиясының 34% жаңартылатын энергия көздерінің үлесінде болды. Иә, бұл сала қарқынды дамып келеді. Бірақ өткен жылы көмірден де дәл осындай көлемде электр энергиясы өндірілген. Ал табиғи газ электр энергиясының 21% қамтамасыз етті.

Бұған дейін балама энергия көздерін дамыту саясатындағы негізгі басымдық – экологиялық проблемаларды шешу еді. Бірақ бүгінгі күннің мәселесі – энергетикалық қауіпсіздік. Ормуз бұғазы жабылып, отын жеткізудегі іркілістерден кейін мемлекеттер импортталатын отынға тәуелділікті азайтуға ұмтылып жатыр. Бұл, әсіресе, Еуропа үшін өзекті. Қарт Құрлықта қазірдің өзінде газ бағасы шарықтап тұрғанын білеміз. Еуропалық Одаққа мүше 27 мемлекет 2030 жылға қарай энергия тұтынудың 42,5% жел мен күн энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етуге міндеттеме алды. Сондай-ақ бұл көрсеткішті 45% дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылған.

Алайда дәстүрлі отын түрлерінен толықтай бас тарту, әзірге, мүмкін емес, әрине. Мәселен, Ұлыбритания тақауда Солтүстік теңізде орналасқан Джекдоу газ кен орнын іске қосты. Бұған экологтар көп жыл бойы қарсы болған еді. Энергетика министрі Миатта Фанбулленің айтуынша, бұл жоба газ өндіру көлемін шамамен 6% арттырып, электр энергиясына шығындарды азайтуға септігін тигізеді. Айта кету керек, Солтүстік теңіздегі мұнай мен газ өндіруден түсетін салық Энергетикалық инвестициялар қорына түседі. Кейін қаржы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға бөлінеді.   

Миатта Фанбулле, Ұлыбританияның Энергетика министрі:

- Таяу Шығыстағы қақтығыс энергетикалық дағдарысты ушықтырған тұста өз энергия көздеріміздің болуы маңызды. Бұл жоба зиянды шығарындыларға қатысты заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға кедергі келтірмейді және климаттық мақсаттарға қайшы келмейді. Мойындау керек, жасыл энергияға көшу үдерісі барысында бізге әлі де газ қажет болады. Ал ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясына шығындарды азайту үшін жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасын дамыту қажеттігін түсінеміз. Сол себепті бұл салаға рекордтық көлемде инвестиция салып жатырмыз. Кейінгі екі жылда 100 миллиард фунт стерлинг қаражат бөлінді.

«2031 жылға дейін жаһандық жаңартылатын энергия қуаты шамамен 4 800 гигаваттқа ұлғаяды», - деп болжайды сарапшылар. Оның төрттен үш бөлігінен астамы фотоэлектрлік күн энергетикасына тиесілі болады. Қазірдің өзінде үй шатырларында орналастырылатын қолжетімді фотоэлектрлік жүйелерге сұраныс артқан. Мұндай шағын қондырғылар әлемдегі 70 миллионға жуық үй шаруашылығын электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұр.

Сондай-ақ оқыңыз: