Мысыр мұрасы заманауи форматта жаңғырды

Каирдегі Үлкен Мысыр музейі заманауи үлгіде жаңғыртылып жатыр. Ғимараттың қабырғалары алып экранға айналған. Ұйымдастырушылар келушілерге Мысыр өркениетінің тарихын жарық, музыка және цифрлық технологиялардың көмегімен көрсетеді. Жаңа шоу перғауындар дәуірі ғана емес, ел тарихындағы өзге де кезеңдерді қамтиды.

Ұлы Мысыр мұражайы енді заманауи форматта жаңғырды. Ғимараттың қасбетіндегі бейне Мысыр тарихының әр кезеңінен сыр шертеді. Осылайша көне өркениет заманауи технологиялардың көмегімен туристердің назарын аудартып отыр. Ондағы көздің жауын алатын «Мәңгілік күн» атты шоу Ежелгі Мысырдың ұлылығын ғана емес, оның мәдениетінің сабақтастығын да әдемі көрсетеді.  

Пассант Нур Эль-Дин, мұражай қызметкері:

- Маған бұл шоудың тек Ежелгі Мысыр өркениеті туралы ғана емес, одан кейінгі тарихи кезеңдерді, соның ішінде Грек және Рим дәуірлерін де қамтығаны ұнады. Әсіресе сол кезеңдердің бүгінгі күнге дейін сақталған дәстүрлермен байланысы көрсетілгені қызықты.

Өткен жылы ашылған мұражай елдегі басты мәдени нысандардың біріне айналды. Мұнда 50 мыңға жуық жәдігер қойылған. Олардың қатарында перғауын Тутанхамонның қабірінен табылған әйгілі қазыналар да  бар. Құны шамамен бір миллиард долларға бағаланатын мұражай Гиза пирамидаларына жақын орналасқан.

Ахмед Гонейм, мұражай басшысы:

- Бұл көрме арқылы біз көптеген жаңа мәлімет аламыз. Ежелгі мысырлықтардың немен айналысқанын, қалай өмір сүргенін, өзге халықтармен қалай қарым-қатынас орнатып, ұлы өркениетті қалай құрғанын біле аламыз. Ерекшелігі сол, келушілер жәдігерлерді тамашалаумен қатар, олардың бәрін заманауи технологиялардың көмегімен зерделеп, ерекше әсер алады.     

Туристер тарапынан мұражайға деген қызығушылық өте жоғары. Кейінгі бір жыл ішінде оны бес миллионға жуық адам барып көрген. Олардың 60 пайызы – шетелдік туристер. Египет билігі мұражай елге келетін саяхатшылар санын одан әрі арттырып, туризм саласына жаңа серпін беретініне сенімді.

Сондай-ақ оқыңыз: