БҰҰ-ның COP31 конференциясы. LIVE

Бүгін Түркияның Анталия қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 31-ші конференциясы басталды. Әлем назарын аударған халықаралық жиынға 196 ел мен Еуропалық одақтың өкілдері қатысады. Конференция аясында әлемдік көшбасшылар климаттық дағдарысқа қарсы ортақ шешімдерді талқылайды. Қазір оқиғаның ортасында жүрген сол елдегі тілшіміз Әсия Нұрлыбаева тікелей байланысқа шығуға әзір тұр. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Қазір Анталияда әлемдік маңызы бар климаттық конференция басталды. Түркия бұл жолы 196 ел мен Еуропалық одақтың басын қосып отыр. Ұйымдастырушылардың мәліметіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін 102 елдің басшысы және 300-ден астам мин истр қатысатынын растаған. Ал 11-12 қараша күндері Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның төрағалығымен арнайы көшбасшылар саммиті өтеді. Конференцияның ауқымы да ерекше. Жалпы аумағы 1 миллион 100 мың шаршы метрді құрайтын екі негізгі аймақ әзірленген. Ресми келіссөздер өтетін көк аймақ пен халықаралық ұйым, бизнес өкілдері, ғалымдар және азаматтық қоғам бас қосатын жасыл аймақ жұмыс істейді. Қауіпсіздікке 25 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Ал қатысушылардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін 630 экологиялық автобус қызмет көрсетуде. Қазақстан да бұл халықаралық алаңда өз ұстанымы мен бастамаларын таныстыруға ерекше мән беріп отыр. Еліміздің ұлттық павильоны бірер минуттан соң ресми түрде ашылады. Конференция аясында онда 35-тен астам тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған. Жасыл технология, климаттық инвестиция, көміртек нарығы, энергетикалық көшу және экологиялық тұрақтылық сияқты ауқымды бағыттарға басымдық берілген. Сондай-ақ Арал мен Каспий мәселесі, су ресурстарын тиімді пайдалану және климат өзгерісіне бейімделу тақырыптары да назардан тыс қалмайды. Қазақстан павильонынан тыс COP31 конференциясы алаңында 196 елдің ұлттық павильоны орналасқан. Ұйымдастырушылар бұл аймаққа 1 жарым миллионға жуық адам келеді деп болжап отыр. Алдағы 12 күнде Анталия әлемдік климаттық күн тәртібінің негізгі орталығына айналады. COP31 конференциясынан соңғы ақпараттарды сәт сайын бақылап отырамыз.

Сондай-ақ оқыңыз: