Әмірліктерге ұшақпен қатынау қиындап кетті
Дубайда халықаралық ұшақ қатынасы тежеліп тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Діттеген жеріне жете алмай, кешігіп жүрген жолаушы көп. Әмірлік әуежайында рейстер кестесі қайта-қайта өзгеріп жатыр. Кей мемлекеттермен арада әуе байланысы үзілген. Еуропа және Азияның ірі тасымалдаушылары бұл жаққа кісі тасуға әзірге тәуекел етпей отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Иранға қарсы әскери қақтығыс басталғалы Дубай мен Абу-Дабиде кісі аяғы азайғаны белгілі. Соның салдарынан Әмірлік астанасындағы әуежай қалыпты жұмыс кестесіне көшкен жоқ.
Бұрын бұл жақтан әлемнің әр қиырына күніне жүздеген рейс орындалатын. Қазір тек жергілікті компаниялар негізгі бағыттарда жолаушы тасиды. Ал Еуропа мен Азиядағы тасымалдаушылар араб түбегіндегі ахуалды тұрақсыз санайды. Сондықтан рейстерді қалпына келтіруге тәуекел етпей отыр. Кейбірі тіпті Сауд Арабиясының Эр-Рияд, Даммам қалаларымен байланысты келер жылға дейін үзді. Жолаушыларға билет құны кері қайтарылды.
Дубайда ахуал біршама тәуір. Кестеден кешігіп болса да рейстер орындалып, ұшақтар ұшып жатыр. Дегенмен, бұл Әмірлікке сапар шегу толықтай қауіпсіз дегенді білдірмейді. Кез келген сәтте қақтығыс ушығып, аймақтың әуе кеңістігі жабылып қалуы әбден ықтимал. Жергілікті мамандар мұны жоққа шығармайды әрі соған дайын болуға үндейді.
Герасимос Контос, Абу-Даби авиация университетінің профессоры:
- Біздің бүгінгі басты мақсатымыз – ұшақ басқаратын мамандарды түрлі төтенше жағдайға дайындау, әрекет ететін дәрежеге жеткізу. Арнайы даярлық жаттығуларында осыны анықтап, тиісті талдау жүргізе аламыз. Қауіпсіздік шараларына келгенде мәселені кең ауқымда қарастырған жөн.
Обаид Әли әл Зааби, Таяу Шығыс бойынша маман, саяси шолушы:
- Таяуда жарияланған мәлімдемелер мен келіссөз барысына қарағанда рейстер бірте-бірте қалпына келетін тәрізді. Егер жағдай ушығып кетсе, негізгі әскери іс-қимыл теңіз маңайында болады деп ойлаймын. Қазір бәрі шиеленісіп тұр. Бәлкім жыл сайына дейін ахуал осы күйінде сақталады.
Қазір АҚШ-тың теңіз күштері Иранның Ормуз бұғазына жақын аймақтарына қайта-қайта соққы жасауға көшті. Бұған парсы мемлекеті ара-тұра қарымта жауап беріп жатыр. Сақшылар корпусы көбіне мұнай таситын кемелерді көздейді. Бір анығы, өңірлік шиеленіс әуе навигациясына кері әсері етіп, ұшқыштарға қосымша ауыртпалық арта бастады.
Соның салдарынан Дубайда рейстер кестесі жиі өзгеріп тұрады. Мәселен, бірер күн бұрын әмірліктен Қазақстанға бағыт алуы тиіс ұшақ уақытылы ұшпай қалды.
Авторы Рауан Мыңбай