Иран қандай күшке ие?
Иран бір айда 50 баллистикалық зымыран жасай алады. Бұл туралы Bloomberg басылымы Батыстың барлау қызметтеріне сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін Пентагон Тегеранның әскери өнеркәсіп әлеуетін бір жола жойғанын, сол себепті Ислам мемлекеті енді қайтіп бас көтермейтінін мәлімдеген еді. Бірақ Иран кеше ғана жер астындағы зымырандарын көрсетіп, АҚШ пен Израиль өздеріне тағы тиіссе шабуылдың жойқын болатынын ескертті.
АҚШ – Иран қақтығысын тоқтатамыз деген келіссөздер нәтижесіз аяқталып, соғыс қайта басталуы мүмкін деген қауіп бар қазір. Қарсыластарының сөзінен шаршады ма, әлде сес көрсеткені ме, осы тұста Иран барша әлемге зымырандары мен дрондарын көрсетті. Қару-жарақ көрмесін тамашалауға жиналғандардың қарасы қалың. Associated Press мәліметтеріне сүйенсек, мұндағы зымырандардың көпшілігі АҚШ-тың әскери базаларына, Израильге және аймақтағы өзге елдерге бұған дейін де қолданылған. Сондай-ақ өздері қағып түсірген америкалық дрондарды да көрсетті.
Исмайыл Абдилар, Тегеран тұрғыны:
– Еліміздің осындай технологияны жасап шығара алғанын мақтан етемін. Иран азаматы болғаныма қуанамын. Бірақ соғыстың қайта басталғанын қаламаймын. Бұдан халқымызға ешқандай пайда жоқ. Көп ұзамай бейбітшілік орнайды деп сенемін.
Ал мына жақта Конгресстің мақұлдауынсыз Иранға қарсы соғыс бастаған АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет орынтағынан айырыла жаздады. Депутаттар оған импичмент жариялауға шақ қалды. Пентагон басшысы соғыстың сәтті аяқталғанын айтып ақталды. Ол Ислам республикасының әскери жүйесі толықтай күйреп, қорғаныс-өнеркәсіптік базасы жойылғанын мәлімдеді.
Пит Хегсет, АҚШ Қорғаныс министрі:
– «Эпикалық қаһар» операциясы барысында тарихи жеңіске жеттік. 40 күнге созылған үздіксіз ұрыс қимылдары кезінде 13 мыңнан астам нысананы соққыладық. Иранның әскери-теңіз флоты суға кетті, әскери-әуе күштері істен шығарылды. Ядролық өнеркәсіптік әлеуетінің 80 пайыздан астамы жойылып, әскери жүйесі толықтай күйреді.
Ал Тегеран мұнымен келіспейді. Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілдері қару-жарағы жеткілікті, оның қатарын толықтырып жатқанын мәлімдеді. Осы орайда жаңа жерасты зымыран қалашығын ашық көрсетті. «АҚШ кез келген тосын сыйға дайын болуға тиіс», - деп ескертті. Жалпы бүгінде Иран ай сайын 50-ге жуық баллистикалық зымыран өндіруі мүмкін деген ақпар бар. Бұл оның соғысқа дейінгі өндірістік әлеуетінің шамамен жартысына тең. Батыстың барлау қызметтері осылай дейді.
Джим Ламсон, Лондондағы корольдік колледждің әскери зерттеулер кафедрасының ғылыми қызметкері:
– Иранның арсеналында «Шахед» үлгісіндегі мыңдаған шабуылдаушы дрон болуы мүмкін. Бірақ олардың нақты санын анықтау қиын. Зымырандарға қажетті қосалқы бөлшектер қоры Тегеранға қару-жарақ құрастыруды жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.
АҚШ пен Израиль Иранға жорықты бастамай тұрып, Ислам мемлекеті өз зымырандарының ұшу қашықтығын 2 мың шақырымнан асырмау туралы шешім қабылдаған. Осы арқылы жаһанға қауіп төндірмейтінін көрсеткісі келген. Бірақ таяуда Иран билігі бұл шектеулерді алып тастауы мүмкін екенін мәлімдеді. Сарапшылар мұны Вашингтонның Еуропадағы одақтастарына жасалған ескерту ретінде бағалап отыр.
Сейед Маджид Мусави, Ислам революциясы сақшылар корпусы аэроғарыш күштерінің қолбасшысы:
– Қажет болса, біз аймақтағы және одан тыс барлық мүмкіндікті іске қосамыз. Ал біздің әскери арсеналымыз жаңа өнімдермен, қару-жарақпен және техникалармен толыға бермек.
Есесіне АҚШ-та қару-жарақ қоры сарқылып жатыр деген пікір тараған еді. Алайда сарапшылардың айтуынша, Құрама Штаттарда жоғары дәлдіктегі жүздеген мың бомба, мыңдаған Tomahawk қанатты зымыран бар. Қару-жарақтың бір бөлігі Үнді-Тынық мұхиты аймағы мен Еуропадан жеткізілген деседі. Құрама Штаттар үшін бұдан да күрделі мәселе – зымырандарға қарсы қолданылатын қару қоры. Bloomberg талдауына сәйкес Иран ұшырған 6 мыңнан астам зымыранды қағып түсіру үшін кемінде 1 мың Patriot зымыраны пайдаланылған. Олардың әрқайсысының құны – шамамен 4 млн доллар. Ал жылдық өндіріс көлемі небәрі 650 данаға жуықтайды.
Тегеран зымырандарының ұшу қашықтығына шектеуді алып тастайтынын хабарлағаны сол-ақ еді, АҚШ Орталық қолбасшылығы арнайы жұмыс тобы құрылғанын жариялады. Флорида штатының Тампа қаласында орналасқан, құрамында шамамен 20 азаматтық және әскери қызметкері бар «Темір қақпа» жедел тобы АҚШ үкіметінің басқа да мекемелерімен бірлесіп жұмыс істейді. Басты мақсат – Иранның құрлықтағы шекаралары мен Каспий теңізі арқылы заманауи қару-жарақ жүйелерінің, қос мақсатта қолданылатын технологиялардың, санкцияға іліккен материалдардың және заңсыз кіріс көздерінің тасымалдануына жол бермеу.
АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге жаңа шабуыл жоспарда жоқ екенін айтты. Дегенмен Иран кез келген соққыға қарсы тұру үшін жан-жақты дайындалып жатыр. Ислам мемлекетінің бұл әрекетінен секемденіп, аймақтағы өзге мемлекеттер де іске кірісті. Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесі бірлескен алдыңғы қатарлы қолбасшылық орталығын құруды мақұлдады. Бұл осы ұйымға мүше мемлекеттердің әскери серіктестігін бекемдеуді көздейді. Өйткені алда-жалда соғыс басталып кетсе, АҚШ пен Израиль емес, осы мемлекеттер зиян шегеді.