COP31: адамзатты алда не күтіп тұр?

Биылғы жаз әлем үшін оңай болмады. Аптап біраз адамның өмірін қиды. Шаруалар қиналды. Мамандар: «Алдағы жазда да ыстықтың беті қайтпайды, одан әрі үдей түседі», - дейді. 

Климат өзгерісін 100-ге жуық мемлекет Түркиядағы халықаралық конференцияда талқылап жатыр. Аптадан аптаға созылға жаһандық жиында қандай мәселелер қозғалды? Сарапшылар қауіп қайдан дейді? 

Биыл әлем бұрын-соңды болмаған ыстықты бастан өткергені белгілі. «Тұрғындарды әбден титықтатып жіберген Эль-Ниньо табиғи құбылысы одан әрі күшейіп, қауіп еселене түседі», - дейді мамандар. Болжамға сәйкес Эль-Ниньоның қарқыны желтоқсан айында шарықтау шегіне жетіп, келесі жылға дейін жалғасады. Зардабын әсіресе Солтүстік жарты шар тұрғындары тартады. Бұл құбылыс кезінде Тынық мұхитының бетіндегі су шамадан тыс жылиды. Осыдан соң жер беті қызып, қуаңшылық пен өзге де табиғи апаттар көбейеді. Еуропадағы аптап дәл осы Эль-Ниньоның салдары болатын. Қарт құрлықта ауа температурасы рекордтық деңгейге көтеріліп, 50 мыңнан астам адам ыстықтан көз жұмды. Көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. Өйткені зерттеу не бары 854 қалада жүргізілді. Бұл Еуропа халқының 40%-ын ғана қамтиды.

Клэр Барнс, климатолог:

- Еуропаның көптеген аймағында, әсіресе, Батыс Еуропада және халық тығыз орналасқан өңірлерде аптап ыстықтың бірнеше кезеңі байқалды. Бұрын-соңды аймақта мұндай ыстық болмаған еді. Шын мәнінде, дәл осындай күн райы индустрияға дейінгі климат жағдайында да қауіпті болар еді. Алайда жаһандық жылынудың антропогендік себептері шамадан тыс қатерге әкеп соқты.

Қазірдің өзінде теңіз деңгейі көтеріліп, мұхиттар жылып барады. Ғалымдар, әсіресе, мұздықтардың жылдам еруіне алаңдаулы. Сарапшылардың айтуынша, былтыр еріп кеткен мұз көлемі бір жыл бойы әр секунд сайын 5 олимпиадалық бассейнді толтыруға жеткілікті. Осыған байланысты 2014 жылдан бері әлемдегі тұщы су қоры да үздіксіз азайып келеді.

Nature Climate Change зерттеулеріне сүйенсек, 2025 жылы әлемде 211 490 мұздық болған. Ғалымдар 2100 жылға қарай қанша мұздық еріп кетуі мүмкін екенін болжап көрді. Егер жаһандық жылынудың орташа температурасы +1,5°C деңгейіне көтерілсе, әлемде 95 957 мұздық қалады. Температура +2°C-қа көтерілсе, 77 848 мұздық, ал +4°C деңгейінде не бары 18 288 мұздықты сақтап қала аламыз. Мұздықтардың еру қарқыны, әсіресе, 15 жылдан кейін жоғарылайды.

Крис Боуэн, Аустралияның климаттың өзгеруі және энергетика мәселелері жөніндегі министрі:

- Непалдағы мұздықтардың еруі, аптап ыстық салдарынан адам өлімінің көбеюі – мұның барлығы климаттың өзгеруінің айқын көрінісі. Бұл - болашаққа қатысты болжам емес, миллиардтаған адамның күнделікті өміріне әсер етіп отырған ащы шындық. Оның салдары барған сайын күрделеніп жатыр. 

Жыл басынан бері әлемдегі орташа температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5°C-қа жоғарылады. Бұл межеден аспау туралы мақсат 2015 жылы Париж келісімінде қабылданған еді. Қазір климаттың өзгеруіне қатысты мәселелер Түркиядағы халықаралық конференцияда талқыланып жатыр. Анкара 2035 жылға қарай әлемдік экономиканың 35% электр энергиясына көшіру жөніндегі міндеттемеге қол қоюға шақырды. Мақсат – зиянды газдар шығарындыларын азайту. Яғни көлік құралдарын, пештерді, қазандықтарды және қазба отынымен жұмыс істейтін өзге де жабдықтарды электр энергиясына көшіру үдерісін жеделдету. Бүгінде электр энергиясы әлемдік энергия тұтынудың шамамен 20% қамтамасыз етеді. Алайда сарапшылар бұл бастаманы сынап тастады. Өйткені онда электр энергиясын жаңартылатын көздерден алу міндеті қарастырылмаған.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Қазба отындары климаттық дағдарысты ушықтырып қана қоймай, экономикалық шығындарға әкеледі және энергетикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Мұны Таяу Шығыстағы жағдай көрсетті. 130 елде бензин бағасы шамамен 26%, ал дизель бағасы 38% өсті. Қазба отындары да динозаврлар сияқты өткеннің еншісінде қалуы керек. Бірақ бұл өздігінен жүзеге аспайды. Өйткені динозаврлардың мүддесін қорғайтын лобби болған жоқ, ал қазба отындары саласында ықпалды лобби бар.

Бірақ әлем қазба отынынан бас тартқысы жоқ. Түркияның өзі былтыр электр энергиясының үштен бірін көмірден өндірген. Ал тақауда ғана Габара тауы маңында жаңа мұнай кен орындары анықталды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Газилер және Кардаклы кен орындарында қара алтын өндіру жұмыстары қазан айында басталды. 2027 жылдың екінші жартысына қарай шамамен 230 ұңғыма арқылы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 100 мың баррельден асады.

Джон Керри, АҚШ-тың климат жөніндегі арнайы өкілі:

- Қазба отындарына қатысты мәселе әлі шешімін таппады. Шындық осы. Бізге құр уәде емес, нақты іс-қимыл жоспарлары қажет.

Әйтсе де, биыл әлемде қазба отындарын пайдаланудан бөлінетін көмірқышқыл газының шығарындылары былтырмен салыстырғанда 0,4% қысқаруы мүмкін. Бұл Global Carbon Project халықаралық ғылыми консорциумының болжамы. Бірақ бұған бір шетінен жаңартылатын энергия көздерінің артуы себеп болса, екінші шетінен отын бағасының шарықтауы әсер етіп отыр. «Сондықтан бұл уақытша құбылыс», - дейді мамандар.

Коринн Ле Кере, Шығыс Англия университетінің профессоры:

- Биыл көмірқышқыл газының жаһандық шығарындылары азаяды. Бір қарағанда, бұл жақсы жаңалық сияқты. Алайда бұған ішінара бензин мен мұнайдың қымбаттауы әсер етіп отыр. Өйткені бензин тұтыну көлемі азайып жатыр. Сондықтан мұны климаттың өзгеруімен күресудің тиімді жолы деп айтуға болмайды. Егер мұнай бағасы соғысқа дейінгі деңгейге төмендесе, зиянды шығарындылар қайтадан артады.

COP31 конференциясы 20 қарашаға дейін жалғасады. Былтыр бұл жиын Бразилияда өтті. Ол кезде қатысушылар қазба отындарына тәуелділікті азайту жөнінде жаһандық жоспарға қатысты ортақ келісімге келе алмады. Ал мемлекеттер парниктік газдар шығарындыларын қысқарту туралы міндеттемелерін орындағанымен, Жердегі орташа температура қазіргі деңгеймен салыстырғанда тағы 1,2°C-қа көтерілуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бұл. Қазірдің өзінде жаһандық жылыну адамзат үшін үлкен қауіпке айналды. Мәселен, Эль-Ниньо салдарынан келесі жылдың соңына қарай аштыққа ұшыраған халық саны 49 миллионға артуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: