Вьетнамда қаланы көгалдандыру мәселесі дауға айналды
Вьетнам астанасы Ханойда ағаштарға қатысты мәселе дауға айналды. Қаланың көркін кіргізетін жасыл желек оттегі бөліп, көшедегі шудың азаюына ықпал етеді. Алайда жергілікті билік күзде гүлдеген ағаштарды бұталауға кіріскен. Тіпті тамырланған талдарды көшіріп, басқа жерге отырғызамыз деп отыр. Алайда тұрғындардың бірі бұған қарсы болса, енді бірі қос қолдап құптайды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – «хоа суа» ағашы. Мұны «сүт гүлі» деп те атайды. Биіктігі 60 метрге дейін жетеді. Азияның өзге елдерінде де өседі. Ханой көшелеріне француз отаршылары XIX ғасырдың аяғында егіп бастаған. Бұрын мектеп құралдарын жасауға пайдаланатын. Қазір Вьетнамның бас шаһарында мұндай 14 мың 400 түп ағаш бар. Жергілікті билік соның 7 пайызының гүлдерін кесіп тастайды.
Фам Тхи Лан, жергілікті тұрғын:
– Маған бұл гүлдің иісі қатты ұнайды. Бұл Ханойдың символы іспеттес. Ханойдың күзін онсыз елестету мүмкін емес.
Күзде ерекше гүлдейтін бұл ағаштың хош иісі талай әнге арқау болған. Алайда 9 млн халқы бар Ханойда аллергиясы бар адамдар үшін бұл уақыт ең жайсыз мезгіл. Күз келсе, аурулары тіптен үдеп кетеді. Аллергиядан көп адамның қиналып жүргенін көрген жергілікті билік ағаштардың гүлдерін кесіп қана қоймай, арасын сиретеміз деп отыр.
Хоанг Тхи Ким Лиен, жергілікті тұрғын:
– Маған бұл иіс ұнамайды. Өте өткір, басымды ауыртады. Ағаштарды бір жерге отырғызбай, арақашықтықпен егу керек деп ойлаймын.
Десе де кей тұрғындар жергілікті биліктің бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы. Өйткені бұл ағаштар қаланың күзгі келбетін келтіріп қана қоймай, тарихынан да сыр шертеді деп санайды.
Чан Конг Кхань, Вьетнамның дәстүрлі медицинаны зерттеу орталығының басшысы:
– Көгалдандыру ісін дұрыс жоспарлау қажет. Тамырланған ағашты жою – үлкен қателік. Мәселен, бір жерде он түп ағаш өсіп тұрса, олардың бір-екеуін ғана қалдыруға болады. Қалғандарын кесіп тастамай, басқа жерге отырғызу керек.
Вьетнамның бас шаһары әлемдегі ауасы ең лас қалалардың қатарына кіреді. Былтыр ауа сапасы белгіленген нормадан 11 есе асып түскен. Сондықтан жергілікті билік жұрттың мұң-мұқтажымен қатар, тарихы тереңде жатқан ағаштарды да сақтап қалу жағын ескеруі керек.
Автор: Зайнұр Байжігіт