Майкл Джексонның қызыл күртешесі аукционға шығарылады

Бір кездері әлемдік сахнаны дүр сілкіндірген атақты әнші Майкл Джексонның қызыл күртешесі аукционға шығарылады. Жұлдыздың «Thriller» бейнебаянында киген киімі 10 миллион доллардан жоғары бағаланып отыр. Бұл жәдігермен бірге әлемге танымал тұлғалардың жеке бұйымдары да жаңа иесін іздейді. Олардың арасында ханшайым Диананың киімдері, Майкл Джордан мен Коби Брайанттың заттары бар, деп хабарлайды 24KZ.

Майкл Джексонның әйгілі «Thriller» бейнебаянындағы мына қызыл былғары күртешесі би қимылдарымен бірге әлемдік поп-мәдениетінің тарихында айрықша орын алды. Енді осы аңыз болған сахналық образ қайта аукционға шығарылады. Ұйымдастырушылар оның құны 10 млн доллардан асуы мүмкін деп болжайды. Өйткені бұл – әншінің бейнебаяндағы негізгі би сахналарында киген түпнұсқасы. Ал оның екінші нұсқасы марқұм әншінің мұрагерлерінде сақтаулы.

Мартин Нолан, Julien's Auctions үйінің негізін қалаушы:

– Біз бұл күртеше 10 млн доллардан жоғары бағаға сатылуы мүмкін деп отырмыз. Бұл – шын мәнінде бірегей дүние. Мұндай күртешенің бір ғана данасы бар. Оны Майкл Джексон бейнебаяндағы көптеген би сахналарында киген. Сондықтан бұл – қымбат, ерекше жәдігер.

Бәссаудаға шығарылғалы отырған тағы бір құнды бұйымдардың бірі – Майкл Джексонның 1982 жылы Motown сахнасында киген ақ қолғабы. Бұл жәдігер 2009 жылы 430 мың долларға сатылып, әлемдегі ең қымбат қолғап ретінде рекорд орнатқан. Енді оның бағасы 600-800 мың доллар аралығында бағалануда. Коллекционерлердің назарына ханшайым Диананың жеке киімдері де ұсынылады. Оның ішінде қызғылт Ralph Lauren жейдесі мен аяқ киімі бар. Бұдан бөлек Коби Брайант пен Курт Кобейнге тиесілі заттар да саудаға қойылады.

Мартин Нолан, Julien's Auctions аукцион үйінің негізін қалаушы:

– Бізде Майкл Джексонға қатысты 400-ге жуық бұйым бар. Сонымен қатар ханшайым Дианаға арналған ерекше аукцион ұйымдастырып отырмыз. Ол – әлі күнге дейін әлемге танымал тұлға. Сондай-ақ поп-мәдениеттің өзге де аңыздарының жәдігерлері ұсынылады.

Өнер мен спорт тарихынан сыр шертетін бұл заттар 7–9 желтоқсан күндері Абу Дабиде өтетін аукционда саудаланады. Барлығы 400-ден астам бұйым ұсынылмақ. Бірі – сахнада миллиондарды тәнті еткен әншінің киімі, енді бірі – тарихта із қалдырған тұлғаның күнделікті тұтынған заты. Уақыт өткен сайын құны арта түскен жәдігерлер енді жаңа иесін таппақ. Аукцион тарихында тағы бір рекорд жаңара ма, жоқ па, оны желтоқсандағы сауда нәтижесі көрсетеді.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: